«Өрлеу» балабақшасында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы тәрбиеленушілердің күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналды. Мұнда балалар өсімдіктерге күтім жасауды үйреніп, гүл отырғызады.

Балабақшада экологиялық тәрбие «Таза Қазақстан» акциясының аясында жүйелі түрде жүргізіледі. Мұнда балаларға жастайынан табиғатқа және қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңызы түсіндіріледі.

Мекемеде «Таза балабақша – таза болашақ» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба балаларға айналаны таза ұстаудың, табиғатты сүю мен оған қамқорлық жасаудың қаншалықты маңызды екенін түсінуге көмектеседі. Бұл бастамаға тек тәрбиеленушілер мен педагогтер ғана емес, ата-аналар да белсенді түрде атсалысуда. Барлығы бірігіп, балабақша аумағын көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, балалардың бойында экологиялық мәдениет қалыптастыруға үлес қосып келеді.

Сабақ барысында тәрбиеленушілер экология негіздерімен танысады. Оларға табиғатты қорғаудың, тазалықты сақтаудың және табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудың маңызы түсіндіріледі.

Біздің балабақшада практикалық іс-шараларға ерекше көңіл бөлінеді. Тәрбиеленушілеріміз бөлме өсімдіктерін отырғызуға қатысып, оларға дұрыс күтім жасауды үйренеді. Мұндай жұмыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады, балаларға өте ұнайды. Осындай сабақтар арқылы балалар өсімдіктерге күтім жасау дағдыларын іс жүзінде меңгеріп, табиғатқа жауапкершілікпен қарауды үйренеді, – деді балабақша меңгерушісі Ардақ Кошанова.

Сонымен қатар балалар педагогтермен бірге гүл отырғызып, гүлзарларға күтім жасап, өсімдіктердің қалай өсіп-өнетінін бақылап үйренеді. Мұндай жұмыстар олардың қоршаған ортаға деген қызығушылығын арттырып, экологиялық санасының қалыптасуына ықпал етеді.

Мектепалды даярлық тобында заманауи жоба – гидропоника жүйесімен жұмыс та енгізілген. Бұл әдіс арқылы өсімдіктер топырақсыз, арнайы қоректік ерітінді көмегімен өсіріледі. Соның арқасында балалар өсімдіктің өсу үдерісін бақылап, оларға қалай күтім жасау керектігін тереңірек түсінеді.