Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Үржар ауданына «Қаладан ауылға» жобасы аясында қоныс аударған отбасылардың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Аймақ басшысы көшіп келген тұрғындармен кездесіп, олардың әлеуметтік жағдайын көрді.

Қазіргі уақытта Үржар ауданына 16 отбасы, жалпы саны 66 адам қоныс аударған. Оның 45-і – балалар. Көшіп келушілерге тұрғын үйлер дайындалып, қажетті тұрмыстық жағдайлар жасалған. Ірі шаруа қожалықтары мен ауыл тұрғындары тарапынан отын-көмір, азық-түлік және басқа да қажетті тұрмыстық заттармен көмек көрсетілуде.

Облыс әкімі Шымкент қаласынан Үржар ауданының Қазымбет ауылына көшіп келген Расул Керімбек пен Фируза Байхоразовамен жүздесті. Отбасында тоғыз адам тұрады. Еңбекке қабілетті бір адам жұмыспен қамтылып, алдағы уақытта жеке кәсіпкер ретінде тіркелу жоспарланып отыр.

Үржар ауданы - жері құнарлы, ауасы таза аудандардың бірі. Бұл отбасы - ауылға көшіп келемін деушілерге үлгі. Өйткені, облыстағы бірқатар ауылдарда халық саны азайып, мектептерде бала жетіспеушілігі бар. Сондықтан «Қаладан ауылға» жобасын қолдап, қоныс аударып келгендеріңізге қуаныштымыз. Біздің тарапымыздан сіздерге жан-жақты қолдау көрсетіледі, – деді Берік Уәли.

Аталған отбасыға наурыз айында көшуге байланысты 1 513 750 теңге көлемінде материалдық көмек төленді. Сонымен қатар экономикалық ұтқырлық сертификаты аясында мамыр айында 3 146 000 теңге көлемінде қолдау көрсету қарастырылған.

Бұдан бөлек, көшіп келу жол шығындары өтеліп, отын-көмір және азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Мамыр айының соңына дейін отбасыға он бас қой беру жоспарланып отыр.

Абай облысы бойынша 9 айға бекітілген жоспарға сәйкес 500 отбасын қамту көзделген. Қазіргі жағдай бойынша 162 отбасы, яғни 540 адам қамтылып, жоспар 32 пайызға орындалды.