Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесі тұрақтылығын сақтап қалды. Бұл туралы елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан «Алтын Орда — дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты Халықаралық симпозиумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
— Бұдан бөлек, Алтын Орда заманында озық іс жүргізу жүйесінің болғаны туралы нақты тарихи деректер бар. Сондай-ақ Құрылтай институты дала демократиясының бірегей үлгісі ретінде қызмет етті. Ұлыстың әлеуметтік құрылымы айқын әрі тұрақты болса да, қоғамда қатып қалған қағида емес, әділдік басты рөл атқарды. Әскерде және мемлекеттік аппаратта темірдей тәртіпке, мінсіз қызмет пен меритократия қағидасына ерекше назар аударылды. Мұның бәрі алып державаны мекен еткен барлық этнос және түрлі топ өкілдеріне мол мүмкіндік берді. Осылайша, ұтымды ішкі және сыртқы саясаттың арқасында қоғамда тұрақтылық сақталды, мемлекет те өсіп-өркендеді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Алтын Орда Мысыр мәмлүктерімен, Ватиканмен, Византиямен, Осман империясымен және Еуропа елдерімен тығыз дипломатиялық байланыс орнатты.
— Жалпы, тарихта «Ұлы дүрбелең» деген атпен қалған саяси дағдарыс кезінде де Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесі сыр берген жоқ, яғни, тұрақтылығын сақтап қалды. Бұл жүйені кейін Еуразия аймағындағы көптеген мемлекет басшылыққа алғаны баршаңызға мәлім, — деді Президент.


























