«AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалының кезектен тыс XІІІ конференциясы өтті. Жиынның басында ашық дауыс беру арқылы облыстық филиалдың жаңа төрағасы лауазымына Қанат Әділбай сайланды.

Конференция жұмысына «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев, партияның өңірлік филиалының мүшелері, партияның аумақтық филиалдарының төрағалары мен атқарушы хатшылары, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері мен белсенділері, мәслихаттардағы фракция жетекшілері және «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі басты мәселе – жаңа төрағаны сайлау. Конференция делегаттары Қанат Серікқанұлының кандидатурасын бірауыздан қолдады. «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев оған жаңа қызметінде табыс тілеп, мол тәжірибесі мен өңірдің тыныс-тіршілігін жіті білуі партия жұмысына сенімді серпін беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ, конференция барысында бұған дейін филиал төрағасы қызметін атқарған Айдар Садырбаевтың 2025 жылдың 9 ай бойынша атқарған жұмыстары туралы есебі де тыңдалды.

Партияның Хатшысы Ержан Жылқыбаев Сайлауалды бағдарламаларды іске асыруды жүйелі түрде жалғастырып, Жол картасының орындалуын ерекше бақылауға алып өңірдегі партиялық бақылау бекеттерінің жұмысын күшейту қажеттігін атап өтті.

2023 жылдан бері Жарма ауданындағы Сұлусары ауылында, сондай-ақ Көкпекті ауданының 5 ауылында сумен жабдықтау нысандарының құрылысы сот процестерінің созылуына байланысты аяқталмай тұр.

Әр қала мен аудан бойынша индикаторлардың орындалуын қамтамасыз ету маңызды, себебі өңірлік Жол картасының бірқатар іс-шаралары бойынша облыс бойынша орындалғанмен жергілікті жерлерде орындалмау байқалады. Осы мақсатта мәслихаттардағы партия фракцияларының отырыстарында басқарма басшыларының, сондай-ақ қала мен аудан әкімдерінің және олардың орынбасарларының есептерін жүйелі түрде тыңдалу керек, - деді ол.

«Жер аманаты» жобасы іске қосылып, 2,5 жыл ішінде 13,7 млн гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды.

Абай облысы бойынша «Жер Аманаты» комиссиясы өткен жылы 550 мыңнан астам гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарды, биылғы 10 ай ішінде – 154 мың. Ендігі кезекте, қайтарылған жерді тұрғындар мен фермерлер арасында әділ, ашық бөліп беруді қамтамасыз ету. Жер комиссиялары қайтарылған жерлерді заң аясында халықтың игілігіне бөліп беру процесіне атсалысу қажет, - деді Ержан Жылқыбаев.

Сонымен қатар, партияның іске асып жатқан «Қарызсыз қоғам» жобасы халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруда маңызды рөл атқарып, соңғы екі жыл ішінде 850 мың азамат жоба аясында оқудан өткендігі де мәлімделді. Абай облысы бойынша 17 мыңнан астам кеңес алып,  бекітілген жоспардың 86%-ын құрады. Аталған саладағы түйткілдерді реттеу үшін Парламенттік тыңдаулар өткізіліп, тиісті  заңдардың қабылданғандығын да айтып өтті Партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев.

Фото: ЖИ Recraft