Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте өңірде жасанды интеллектіні дамыту барысы талқыланды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы баяндады.
Қазіргі таңда облыста цифрландыру бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Семей қаласында «Ақылды қала» (Smart City) жобасы аясында жастарды бағдарламалау, робототехника және цифрлық кәсіпкерлікке оқыту жүргізілуде. Денсаулық сақтау саласында «Цифрлық емхана» мен электрондық кезек жүйесі енгізілсе, білім беру ұйымдарында «Цифрлық мектеп», электрондық журнал мен күнделік және «Мектеп асханасы» жобалары кеңінен қолданылуда. Ауыл шаруашылығы саласында жер және мал шаруашылығын басқарудың цифрлық платформалары енгізіліп, фермерлерге онлайн қызметтер ұсынылуда.
Сонымен қатар, өңірде жастардың ІТ саласына қызығушылығы артып, хакатондар мен стартап байқауларына қатысушылар саны өсіп келеді.
2025 жылдан бастап жасанды интеллект бойынша оқыту бағдарламалары аудан орталықтарын да қамти бастады. Alikhan Bokeikhan University базасында ASSYLTAS қоғамдық қоры бастамасымен «Assyl AI» жобасы іске асырылып, жастарды жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларына үйрету қолға алынған. Робототехника саласында да оң нәтиже бар. RO-ALEMI робототехника орталығының тәрбиеленушілері халықаралық жарыстарда жоғары жетістіктерге жетіп келеді. Инновациялық жобаларды қолдау мақсатында Семей қаласы әкімдігі GovTech байқауын ұйымдастырып, жалпы бюджеті 30 млн теңге көлемінде стартаптарға грант бөлді.
Биылғы жылға арналған даму жоспарына сәйкес облыстағы IT-резиденттер санын 100-ден асырып, 50-ден астам жаңа IT жұмыс орнын құру көзделуде. Сонымен қатар «Ақылды қала» бағдарламасы аясында бағдарламалау мектептерін дамыту, «109» қызметі, «ақылды» жарықтандыру, контейнерлік алаңдарды цифрландыру, бейнебақылау және жол қауіпсіздігі жүйелерін жетілдіру жобалары іске асырылуда. Абай облысының 2026-2030 жылдарға арналған «Ақылды қалаларды дамыту» стратегиясы бекітілді. Жол картасы Семей қаласында 13 жобаны, ал аудан орталықтарында 7 жобаны қамтиды.
Сондай-ақ, өңірде білім беру және инновация бағытында бірқатар жаңа бастамалар жоспарланған. Атап айтқанда, «Tomorrow School» білім беру жобасын ашу көзделуде. Сонымен қатар өңірдің стартап экожүйесін дамыту мақсатында «Semy-Hub» өңірлік хабын құру жұмысы жүргізілуде.
Аймақ басшысы цифрландыру басқармасына Мемлекет басшысының жасанды интеллектті дамытуға қатысты тапсырмаларын орындау мақсатында әр басқармаға нақты индикаторлары бар іс-шаралар жоспарын әзірлеуді, агробизнес өкілдерімен инновациялық технологияларды енгізу бағытында жұмыс жүргізуді және цифрландыруды енгізген кәсіпорындарды ынталандыру бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Президенттің Жолдауда белгілеген міндеттерін жүзеге асыру еліміздің бәсеке қабілеттілігін арттырып, экономиканың барлық саласын жаңғыртуға ықпал ететіні сөзсіз. Жалпыұлттық жоспарға сәйкес ауыл шаруашылық, жер, қаржы, өнеркәсіп, сауда, көлік-логистика, құрылыс, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, білім және табиғи ресурстарды пайдалану салаларында жасанды интеллектіні енгізуіміз қажет, – деді Берік Уәли.

























