Өңірде шомылу маусымында су айдындарындағы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық және ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының бастығы Алмас Сүлейменов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында баяндады.

Облыс аумағында адамдардың шомылуына және демалуына арналған 21 ресми орын белгіленген. Оның ішінде 15 коммуналдық жағажай, 2 жеке жағажай және 4 көпшілік демалуға және туризмге арналған аймақ бар.

Коммуналдық жағажайлар Семей, Курчатов қалаларында, сондай-ақ Көкпекті, Жарма, Бородулиха, Бесқарағай, Аягөз, Абай және Мақаншы аудандарында орналасқан. Ал жеке демалыс орындары мен жағажайлар қатарында Семей қаласындағы «Еркеназ» демалыс базасы, Жарма ауданындағы «Жарма-Арасан» және Бородулиха ауданындағы бірнеше демалыс базалары бар. Қазіргі таңда облыс бойынша жағажайлардың дайындығына, құтқару және медициналық бекеттердің жабдықталуына, сондай-ақ құтқару құралдарының толық болуына комиссиялық тексерулер жүргізілуде. Барлық нысандарда қауіпсіздік талаптарының сақталуы тұрақты бақылауға алынған, — деді басқарма басшысы.

Мамыр айынан бастап ауа температурасының көтерілуіне байланысты су айдындарында рейдтік іс-шаралар күшейтіліп, тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ерекше назар балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігіне аударылған.

Биылғы жылы су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 16 су патрулі және 30 жаяу патруль ұйымдастырылды. Департамент тарапынан 100-ден астам құтқарушы мен 30 бірлік жүзу және көлік құралдары жұмылдырылды. Құтқарушылар қажетті арнайы құралдармен толық қамтамасыз етілген. Осыған байланысты департамент тұрғындарды судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады: тек рұқсат етілген жерлерде шомылу, мас күйінде суға түспеу, белгіленген шекарадан аспау және балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмау қажеттігі ескертіледі, — деп атап өтті спикер.

Сондай-ақ су айдындары иелеріне құтқару бекеттерін ұйымдастыру, медициналық пункттерді жабдықтау, бақылау мұнараларын орнату, ақпараттық стендтер қою және қауіпсіздік аймақтарын қалқымалармен белгілеу сияқты міндеттерді орындау ұсынылып отыр.

Фото ЖИ Gemini