Семей қаласындағы «Силикат» ЖШС өндірістік алаңында кәсіпорын еңбек ұжымымен кездесу өтті. Іс-шара «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясы аясында ұйымдастырылды.
Кездесуге Абай облысы мәслихатының төрағасы, өңірлік коалиция жетекшісі Шалқар Байбеков және коалиция мүшелері қатысып, кәсіпорын қызметкерлерімен ашық форматта пікір алмасты.
Жиын барысында Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары, енгізілетін өзгерістердің мазмұны және алдағы 15 наурызда өтетін республикалық референдумның маңызы түсіндірілді. Спикерлер ұсынылып отырған өзгерістердің қоғамның тұрақты дамуына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталғанын атап өтті.
Кездесуде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау, өңірлік коалиция мүшелері Қуаныш Сүлейменов, Қуаныш Қасенов және Ұлан Сағадиев сөз сөйлеп, Конституция жобасындағы өзгерістердің мәніне тоқталды.
Кәсіпорында 400-ден астам адам еңбек етеді. Кездесу барысында қызметкерлер қолдау пікірлерін білдірді. ПС цехінің басшысы Темірхан Хисамитов ұжым атынан сөз сөйлеп, кездесудің маңызын атап өтті.
Бүгін бізге Жаңа Конституция жобасы туралы кеңінен түсіндірілді. Спикерлер ұсынылып отырған өзгерістердің мәнін қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізді. Мұндай кездесулер еңбек ұжымдары үшін маңызды деп ойлаймын, себебі әр азамат алдағы референдумның маңызы мен мазмұнын дұрыс түсінуі қажет. Біздің кәсіпорында 400-ден астам адам еңбек етеді, ұжым мүшелері елдегі өзгерістерге бейжай қарамайды. Сондықтан біз жаңа Конституция жобасымен танысып, оның негізгі бағыттарын қолдаймыз, – деді ол.
Кездесу ашық әрі мазмұнды диалог форматында өтті. Ұжым өкілдері жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын қолдайтындарын білдірді.



























