30 жылдан бері болашақ Отан қорғаушыларды дайындап келе жатқан «Жас Ұлан» мектеп-лицейінің директоры Құрмаш Оқасов халық сенімі басты құндылық және сол сенімге селкеу түсірмеу үшін құрғақ сөз емес, нақты іс қажет екендігіне сенімді. Ол Семей қалалық мәслихатының депутаттығына №13 сайлау округі бойынша өз кандидатурасын ұсына отырып, халық сеніміне ие болған жағдайда саналы ғұмырында жинаған өмірлік тәжірибесін бекітілген аудандарды абаттандыруға, спортты дамытуға және жастардың уақытын тиімді ұйымдастуға бағыттамақ. Жуырда лицей аумағында спорт кешенін салу арқылы сол аумақтағы үйлердің балалары мен жастарына спортпен тегін айналысуға мүмкіндік сыйлауды жоспарлап отыр.
Құрмаш Оқасов – алдына мақсат қоя білетін, көреген жан. Педагогтер әулетінде өмірге келіп, ұлағатты отбасында тәлім алуы бойындағы аталған игі қасиеттердің қалыптасуына жол ашты. 28 жыл бұрын Семей қаласындағы өзен флоты училищесі жабылғанда оқу орны базасында интернаттық үлгідегі әскери мамандыққа бейімделген «Жас Ұлан» ерлер лицейінің ашылуы Құрмаш Оқасов есімімен тығыз байланысты. Бұл жетістік оның біліктілігі мен көрегендігінің нәтижесі.
— Мен ұстаздар әулетінде өмірге келдім. Әкем 30 жыл білім беру саласында еңбек етті. Біз, ағайынды төрт бала әке жолын жалғап, білім саласын таңдадық. Осы салаға 24 жасымда қадам басып, 40 жылдан астам уақыт еңбек еттім. Жас маман ретінде мен сол кезде сұранысқа ие – суда жүзушілерді дайындайтын өзен училищесіне бөліндім. Училищеде бір уақытта 600 адам оқыды. Білім беру жүйесін реформалағаннан кейін біздің бейіндегі оқу орындарының бірін жабу туралы шешім қабылданып, қалада өзен техникумы да болғандықтан, училищеміз жабылды. Сол кезде Новосибирскіде алғашқы Сібір кадет корпусы ашылғанын естіген мен бірден іссапармен Ресейге барып, шарттарымен танысып, басшылықтан кеңес сұрадым, — деді Құрмаш Оқасов.
Сол кезде республикада білім ісінің үздігі атанып үлгерген Құрмаш Оқасов жиған білімі мен білігін жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге бағыттап, лицей ашылды. Басты мақсат — оқушылардың сапалы орта білім алуымен қатар, әскери-патриоттық тәрбиемен сусындап, кәсіптік-бағдарланған білім алуына жағдай жасау болатын. Лицейде аталған мақсат аясында және оқушылардың ғылыми жұмыспен айналысуларына ерекше көңіл бөлінеді. Осындай ортада тәлім алған жас ұландар Қазақстан армиясының ғана емес, кемел келешегіміздің кепілі екендігі сөзсіз.
— 1995 жылы әкімдікке Шоқан Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» мектеп-лицейін ашу туралы ұсыныс білдіріп, рұқсат алып, жұмысты бастадық. Осы уақыт аралығында 1 350 оқушы мектеп-лицейді бітірді. Біздің алғашқы түлектеріміз бүгінде полковниктер, бөлім командирлері, полиция және ҰҚК департаменттерінің басшылары. Жылдар бойғы жетістіктеріміздің арқасында лицейдің 20 жылдығына орай мұражай аштық, — деді Құрмаш Оқасов.
Өкінішке орай, ұзақ жылдар бойы сапалы білім берумен айналысып келе жатқан оқу орны орналасқан округ лайықты инфрақұрылымымен мақтана алмайды. 19 наурыздағы сайлауда жеңіске жеткен жағдайда Құрмаш Оқасов дәл осы мәселені алғашқылардың легінде көтеруді жоспарлап отыр.
— Әлеуметтік сала жаныма жақын. Мен халық қалаулысы болсам өмірлеріңізді түбегейлі өзгертемін деп бос уәде бергім келмейді. Алайда, менің барлық жастық шағым осы №13 округ аумағында Силикат кентінде өтті. Мен ұзақ жылдар бойы ерекше өзгерісті, жетістікті байқамадым. Бірде-бір спорт алаңы, тіпті дәріхана жоқ. Үйлер салынып жатқаны рас, соның есебінен жыл санап жастар қатары да артуда. Бірақ, оларға жағдай жасалып отырған жоқ, даму байқалмайды. Осы аумақтың басты проблемаларын бір кісідей білгендіктен, өмірлік тәжірибемді іс жүзінде қолдана отырып, адамдарға пайдамды тигізуді мақсат еттім. Барлық жергілікті тұрғындар мені біледі, — дейді үміткер.
Аталған мәселелерден бөлек, кентте қоғамдық көлікке қатысты үлкен проблемалар бар. Мұнда көптеген автобустар мүлдем жүрмейді, ал қатынайтын көліктердің аралық уақыты тым ұзақ, бұл халық үшін өте ыңғайсыз.
— Мысалы, Қарағайлы шағын ауданына қатынайтын барлығы 4 маршрут бар. Мен №8 және №9 мектеп оқушыларының ата-аналарымен сөйлестім. Автобуста орын болмай қалатындықтан, олар аялдамаларда қалып қалуға мәжбүр. Сондықтан менің басты міндетім – инфрақұрылымды дамыту. Мен бұл өте үлкен жауапкершілік екенін түсінемін. Округте әлеуметтік дәріханалар, дүкендер, шағын орталықтар жоқ. Қарағайлы шағын ауданының көптеген аулалары абаттандырылмаған. Біз өз аумағымызда әскери-спорт кешенін салу үшін ЖСҚ әзірлеуге ақша сұрадық. Кешен салынса, лицей оқушылары ғана емес, Силикат кентінің, Қарағайлы ықшамауданының балалары спортпен тегін айналысуға мүмкінік алар еді. Қазіргі таңда жоба дайын, облыс әкімі біздің ұсынысымызды мақұлдады, — деп толықтырды Құрмаш Оқасов.
Ауданда кедергісіз ортада қалыптаспағандығы тағы бар. Құрмаш Оқасов ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмірін сәл де болса жеңілдетуді жоспарлап отыр.
— Сеченов көшесінің бойында көру қабілеті нашар адамдар үшін жаяу жүргіншілер өткелін жасау керек. Нашар көретіндерге арналған интернат басшылығы маған ақылды бағдаршам орнату жөніндегі өтініштерімен жүгінді. Бұл мәселені де шешуді жоспарлап отырмын. Сонымен қатар, қосымша автобус маршруттарын іске қосу керек. Қарағайлы ықшам ауданының тұрғындары да маған жүгінді, үйлердің сапасына қатысты да проблемалар бар. Силикат кентінің көшелері жарықтандырылмаған десек те болады. Бұл мәселені де шешу керек, — деп атап өтті кандидат.
Сайлауға санаулы күн ғана қалды. Құрмаш Оқасов сайлаушылардың назарын бос уәдеге емес, нақты жоспарларға аудару керектігін тілге тиек етті.
— Егер мені депутаттыққа сайлайтын болса, мәслихаттың бірінші сессиясында мен адамдардың, әсіресе жастардың әл-ауқаты мәселесін көтерер едім. Мысалы, аумақтағы барлық аулаларда абаттандыру нашар. Бұл әл-ауқатқа тікелей әсер етеді, тегіс тротуарда жүру бір бөлек те балшық пен батпақты кешу бөлек әңгіме. Тұрғындардың тұрмысын түзету керек. Жағдай жасалмаса, халық арасында «Егер ештеңе өзгермесе, ілгерілеушілік болмаса, дауыс берудің мәні бар ма?»,- сауал туындайды. Халқының билікке деген сенімін іс нәтижесімен нығайту қажет, — деп қорытындылады кандидат.