• 6 мая, 2024

ЖОҒАРЫ БАҒА БЕРДІ

Авг 21, 2020

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков Семей қаласына келген іс-сапары аясында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Семей спорт академиясының (Жақсылық Үшкемпіров атындағы Семей қаласы бойынша №1 Шығыс Қазақстан облыстық олимпиадалық резерв мамандандырылған балалар – жасөспірімдер спорт мектебі) жұмысымен танысты.

Академия директоры Мерейғалы Көшкінов вице-министрге спорт мекемесінің материалдық-техникалық әлеуетін, спорт бөлімдері, оқытушы-жаттықтырушылардың оқу-жаттығу процесі жайында жан-жақты айтып берді. Бас ғимараттағы волейбол, күрес залдарын көрген Сәкен Жүнісбекұлы заманауи құрылғылармен жабдықталған физиотерапия кабинеттерін аралады. Мұндағы магнитотерапия, массаж, парафинотерапия, физиотерпаия, элетроұйқы және ЭКГ сынды әрбір кабинетке кіріп, спортшыларға барлық жағдайдың жасалғанына көз жеткізді.

Сәкен Жүнісбекұлы академия жанындағы спортта дарынды балаларға арналған 200 орындық жатақхана мен күрес залын да көрді. Жатақхананы, күрес залын аралап, заман талабына сай жабдықталғанын көрген Сәкен Мұсайбеков Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровтің есімін иеленген спорт мекемесінің жұмысына жоғары баға берді. Мұндағы спортшыларға жасалып отырған мүмкіндіктер кейбір республикалық спорт мектептерінде жоқ екенін атап өтті.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы Семей спорт академиясының баспасөз қызметі