«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Отан үшін от кешкен батырдың біз ұрпағымыз!» мерейтойлық марафоны өтуде. Патриоттық жобаның басты мақсаты – Ұлы Отан соғысы тарихындағы нақты бір отбасының тарихын еске алу.Марафонға Зияткерлік мектептердің оқушылары, мұғалімдері және ата-аналары қатысып, өз отбасыларының тарихын майданнан келген хаттар мен альбомдар, сонымен қатар соғыс пен тыл ардагерлерінің естеліктері арқылы ұсынады.
Сондай естеліктерімен бөліскендердің бірі — Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8-ші сынып оқушысы Бекжан Әділжаппар.
«Ер есімі — ел есінде» дегенде, бірден ойымызға Ұлы Отан соғысына қатысқан аталарымыз түседі. Менің арғы атам – Смахан Жұмаханов 1918 жылы Шұбартау өңірі, Дағанды болысында дүниеге келген. Алматы қаласындағы 1 жылдық бухгалтерлік курсты үздік оқып, группа старостасы болған. Оқуды аяқтасымен туған жеріне оралып, Горный, Қосағаш, Бидайық, Мәдениет ауылдарында бас бухгалтер болып қызмет атқарған.
1938 жылы әскер қатарына шақырылып, елге қайтпастан бірден майданға аттанған. Ұлы Отан соғысы кезінде Батыс Украина майданында атқыштар бригадасында жауға қарсы ерлікпен шайқасқан. Жорық жолдары Белоруссия майданында да жалғасқан. 1943 жылы қиян-кескі шайқастың бірінде 12 жерінен жарақаттанып, топыраққа көміліп қалған. Дегенмен қарулас украин серігі топырақ астынан қазып алып, әскери госпитальге жеткізген. Сол жерде тиісті ем-шара қабылдап, аман қалыпты. Дегенмен дәрігерлердің шешімімен соғысқа жарамайтын болғандықтан, елге қайтарылған. Сол ұрыста көрсеткен ерлігі үшін ІІ дәрежелі Данқ орденімен наградталған. Бұдан өзге Ұлы Жеңістің әр жылдардағы мерекелік медальдарімен марапатталған.
Соғыстан кейінгі әжем Қайрия Нағашбековамен шаңырақ көтеріп, он бала тәрбиелеп өсірген. Туған жерін түлетуге атсалысып, құрылыс саласының бухгалтері болып еңбек еткен. 1970 жылы тамыз айында майдандағы жарақаттардың әсерінен дүниеден өткен. Қазір Аягөз қаласындағы «Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмайды, ештеңе де ұмытылмайды» ескерткішіне атамыздың есімі жазылған.
Біздің парызымыз – бүгінгі бейбіт күнді сыйлаған ержүрек аталарымызға тағзым ету. Бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған аталарымыз бен әжелеріміздің ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес! Менің өмірдегі мақсатым – Отанды қорғай білетін азамат болу. Өскенде әскери борышымды өтеуге міндетті түрде барамын. Өйткені, мен Отан үшін отқа түскен майдангердің шөбересімін. Мен атамды мақтан тұтамын!