• 13 октября, 2024

ШҚО-да жастарға арналған жаңа жобалар іске қосылды

Июл 19, 2019

Жастар жылы аясында облыста жастар саясатына арналған төрт жаңа жоба іске асырылады.

Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен арнайы брифингте облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова жобаларға тоқталып, олардың іске асырылу барысы туралы мәлімдеді.

Бүгінгі таңда облыста 14 және 29 жас аралығында 264 990 адам тұрады, яғни аймақ тұрғындарының 20%-н құрайды. Өңірде «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 24 шілдеден бастап 18 бен 29 жас аралығындағы 1300 адам кәсіпкерлік негіздері бойынша арнайы оқыту курсынан өте алады. Бұл топқа көпбалалы және жас отбасы мүшелері, жұмысқа жарамды мүгедектер де кіреді.  Одан кейін арнайы бизнес жоба әзірлеп, 200 айлық есептік көрсеткішке дейін (505 мың теңге) қайтарылмайтын грантқа ие болады. Бұл қаражатқа кәсіпке керек құралдарын, ауылшаруашылығын дөңгелетемін дегендер мал және құс сатып алады. Барлығы 1277 адам осындай грантқа ие болады. Бағдарламаға қатысу үшін тұрғылықты жерлердегі жұмыспен қамту орталықтары мен бөлімдеріне өтініш білдіру керек.

Келесі үш жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бойынша азаматтық бастамаларды қолдау Орталығы мемлекеттік гранты аясында жүзеге асырылады. Аталмыш жобалар туралы ақпаратты облыстағы қала және аудандардағы жастар ресурстық орталықтарынан алуға болады, орталықтардың мекен-жайы eljastary.kz сайтында көрсетілген.

Айта кетсек, «JasA!» жобасы бойынша қала және ауылдарды дамыту және экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобалар жүзеге асырылады. «Жұмыскер жастардың қоғамдастығы» қоғамдық ұйымы қатысушыларға кеңес беріп, жол сілтейтін болады. Бұл жобаға қатысу шарты өте оңай, 26 шілдеге дейін jashome.org сайтында тіркеліп, бес адамға дейін шағын топтарға бірігу қажет. Байқау негізінде үздіктер іріктеліп, 610 мыңға дейін қаржылай гранттар бөлінеді. Жоспар бойынша елімізде 660 жасты қамтып, 100 жоба іске асырылмақ.

1 тамыздан бастап облыста «Qorgau» жобасы аясында қалалық және аудандық жастар ресурстық орталықтарында 20 тәжірибелі заңгерлер өз жұмысын бастайды. Бұл жобаның мақсаты азаматтардың, оның ішінде жастардың құқығын қорғау үшін ақысыз әрі қолжетімді құрылым құру. Жоба «Eurasian Expert Council» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылады. Заңгер кеңесін 5 мыңнан астам адам ала алады.

14 шілдеден бастап менторлық жоба іске асырылуда. Тәлімгерлер жастарға құқықтық, кәсіби шеберлік сұрақтары бойынша кеңес береді. Шығыс Қазақстанның менторлары Нұр-Сұлтан қаласында 4 күндік оқыту курстарын тәмамдады.

Облыстағы жастар саясаты Жастар жылының Жол картасы аясында жүзеге асырылуда. Оның ішінде жастарды жұмыспен қамту міндеттері «Еңбек», «Жастар тәжірибесі», «Бизнестің жол картасы -2020», «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламалар бойынша іске қосылған,-деді облыс әкімінің орынбасарыв Әсем Нүсіпова.

Ағымдағы жылдың басынан жұмыспен қамту бөлімдеріне шағымданған 4,5 мың жастар тіркелген, оның 50%-ы ауылда тұрады. Олардың барлығы жұмыспен қамту шараларымен қамтамасыз етілген. 15 жас «Бизнестің жол картасы-2020» бойынша грант иегерлері атанды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 40,6 млн теңгеге 230 жас ауылда қызмет етуге жолдама алды. 149 адам тұрғын үй құрылысы мен сатып алуға бюджеттік несиелерге ие болды.

ШҚО ақпараттық орталығы