• 29 мая, 2025

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумына шақыруы

Май 27, 2025

Қасиетті Абай жері ежелден елге қызмет еткен ерлер көп шыққан құтты аймақ. Ел-жұртқа жақсылық жасаудың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан игі дәстүрі бар.

Бұл өлкеде кешегі Құнанбай, Ақтайлақ билер қазақ баласының ертеңін ойлап, кейінгілер аңыз қылып айтардай ірі іс атқарды.

Осы өнегелі мектеп пен үлкен арманнан Абай туды. Ол тұтас қазақ ойын өзгертіп, қиыр шеттен қиян далаға білім мен өнердің шуағын шашты. Абайдың ізін ала қазақ ренесансын тудырған Алаш үкіметінің осы топырақта өркен жайғаны кездейсоқтық емес. Аталы жолдың заманға сай жалғасы еді.

Қазақтың алғашқы театрының қойылымының осы өңірде қойылуы, Семейдің алаштың астанасы болуы, алғашқы баспаның ашылуы, қазақ футболының басталуы, бәрі де құтты мекеніміздің прогресс отаны екенінің айқын айғағы. Ол туған жеріне туын тіккен, туған еліне тамырын терең жалғаған ұл-қыздардың жүрек қалауы, елдік пейілі мен еселі еңбегінің жемісі болатын. Бұл даңғыл жол ешқашан үзілмек емес.

Сіздер сондай қасиетті топырақта туып, қастерлі мекенде түледіңіздер. Асқақ армандарыңыздың түпқазығында осындай тарихи жол, тағдырлы өлке тұр.

Қадірлі ағайын! Іскер топ өкілдері!

Қазақ елі тәуелсіздіктің алғашқы жылдары талай бұралаң жолдан өтіп, тағдырлы кезеңдерді бастан кешті. Сол қиын кездерде облыс жабылып, ел жан-жаққа көшті. Аймағымыз шетқақпай көрді, ол жасырын емес.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылғы 3 мамырда қол қойған тарихи Жарлығымен Абай облысы қайта құрылды. Бұл біздің облысымыз үшін тарихи әділеттіктің орнаған күні болды. 

Тынысы ашылған туған өлкемізде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Инфрақұрылым жүйелі түрде жаңғырып, білім мен денсаулық сақтау саласы жаңа деңгейге көтерілуде. Кәсіпкерлерге қолдау күшейіп, ауыл-аймақтарда жаңа нысандар салынып жатыр. Мұның барлығы – халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған игі қадамдар.

Мемлекет басшысының қолдауымен «Абайға құрмет» акциясы басталдыХакім Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай еліміздің әр өңірі облысымызға бір нысаннан салмақ. Қазір Маңғыстау, Түркістан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент, Астана қалалары тиісті жұмыстарды бастап кетті. Қалған өңірлер де бұл бастаманы қолдайтындарын білдіріп жатыр.

Мен жақында ғана облыстың алдағы даму жоспарын жарияладым. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Соған сәйкес Семейде 75 мың тұрғынға арналған жаңа ықшамаудан салуды жоспарлап отырмыз. Мұнда тұрғын үй кешендері, 40-тан астам әкімшілік, коммерциялық және әлеуметтік нысандар, саябақтар бой көтереді. Жоба аясында болашақта жастар сарайы, Жекпе жек сарайы, ғалымдар үйі, медиа орталық, көрме орталығы, Достық үйі, инвесторлар орталығы, музыкалық мектеп, филармония, этносаябақ, стадион, колледж, музей, балабақшалар, қонақүйлер мен сауда кешендерін салу жоспарланып отыр. Өңіріміздің өркендеуі жолында көп болып жұмылып, бірлік пен сенімді серік етсек, кез келген күрделі мәселенің түйінін тарқатуға болады.

Облысты дамытудың кешенді жоспарына шетел инвесторларын тарту бағыты да қарқын ала бастады. Сіздерді де аймақтың алға басуына бірге атсалысуға шақырамын.

Құрметті кәсіпкерлер, іскер азаматтар!

Біз бүгінде әр салада жетістікке жетіп, елдің абыройын асқақтатқан жерлестерімізбен мақтанамыз. Туған ауылына қамқорлық жасап, елге жанашырлық танытып жүрген азаматтар аз емес. Бұл – нағыз отансүйгіштіктің, ел мен жерге деген адалдықтың жарқын көрінісі.

Алдымызда тұрған маңызды міндеттеріміздің бірі – өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу. Мен Сіздерді туған жердің дамуына өз үлестеріңізді қосуға шақырамын. Бұл – тек қана азаматтық борыш емес, ұрпақ алдындағы аманат, ел болашағына бағытталған іргелі қадам.

Сондықтан мен Сіздерді маусымның 19-20 күндері Семей қаласында өтетін «Туған жерге туыңды тік» атты инвестициялық форумға белсене атсалысуға шақырамын!

Бұл – әр азаматтың туған топырағына тағзым жасап, кіндік қаны тамған қасиетті мекенге құрметін білдіруге тамаша мүмкіндік. Форум – алыста жүрсе де, жүрегі туған ел деп соққан жерлестеріміздің басын қосатын, ортақ мақсаттар мен ізгі ниеттер тоғысатын маңызды алаң.

Туған жерге туын қадаған, өскен өлкеге тамырын терең жайған азаматтың бағы биік, мәртебесі басым, рухы әрқашанда асқақ болары сөзсіз.

«Туған жерге туыңды тік» – халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлы ұстанымы. Ата-бабамыздың осы өсиеті – бүгінгі күні де өзекті. Ертең үшін де бағдаршам болмақ.

Ендеше, ел болашағы үшін бірге еңбек етейік! Туған жердің гүлденуі жолында бірлігіміз бекем болсын!

 Абай өңірін бірге дамытайық!

Туған жерге туыңды тік, ағайын!