• 24 мая, 2025

Маусым айының 1-нен бастап Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу басталады

Май 24, 2025

Іріктеуге 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс өтілі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.

Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады және 2025 жылдың маусым-қазан айлары аралығында өтеді. Оның қорытындысы бойынша Резервке үздік 50 кандидат іріктелетін болады. Резервке қабылданған күннен бастап 3 жыл ішінде резервшілер конкурстық іріктеуден өтпестен мемлекеттік қызметтегі түрлі жоғары басшылық лауазымдарға тікелей тағайындалуға мүмкіндік алады.

Үміткер азамат ағымдағы жылдың 1-30 маусым аралығында pkrezerv.gov.kz сайтына ЖСН және электрондық поштаны енгізу арқылы тіркеуден өтуі қажет. Кандидаттың жасы тексерілгеннен кейін оған жеке кабинетте анкетаны толтыруға және қажетті құжаттарды жүктеуге мүмкіндік беріледі.

Тіркеу кезінде қатысушылар алты салалық бағыттың бірін таңдауы керек:

  • Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты;
  • Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау;
  • Сыртқы саясат және инвестициялар;
  • Экономикалық және қаржылық саясат;
  • Цифрландыру;
  • Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам.

Тіркелу барысында сұрақтар туындаған жағдайда кандидат https://pkrezerv.gov.kz/ сайтындағы Jivo чат немесе +7 700 096 70 74 нөмірі бойынша қолдау қызметіне, сондай-ақ, info@pkrezerv.gov.kz электрондық поштасына хат жолдау арқылы жүгіне алады.

Жалынды жастарды елге қызмет етудің озық үлгісін көрсету үшін «Президенттік жастар кадр резерві» жобасына белсене қатысуға шақырамыз. Еліміздің дамуына өз үлесінді қос!

Аталған жұмыс бағыты ҚР Президентінің 2019 жылғы 27 тамыздағы «Президенттік жастар кадр резервінің кейбір мәселелері туралы» №141 Жарлығы аясында және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының тапсырмасымен жүзеге асырылуда.