Бесқарағай ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тұрғындар киелі орындарды тазартуға атсалысты. Бұл жолы табиғатты қорғау шарасы аудан жұртшылығы ерекше құрметпен қарайтын – «Қасиетті кілт» бұлағының маңында өтті.
Экологиялық акцияға 150-ге жуық адам қатысты. Олар бұлақ айналасын қоқыстан тазартып, қоршауларын сырлап, бұлақтың табиғи көрінісін қалпына келтіру бағытында бірлесіп жұмыс атқарды. Белсенділердің арасында жастар да, аға буын өкілдері де болды.
«Қасиетті бұлақ – Святой ключ» — Бесқарағай ауданындағы ерекше тарихи әрі рухани мәнге ие орындардың бірі. Табиғи су көзі Глуховка ауылдық округі аумағында, Семей қаласынан небәрі 19 шақырым жерде орналасқан. Бұлақ суы қыс мезгілінде де қатпайды. Жергілікті жұрт оны емдік қасиеті үшін бағалайды. Мұнда православ сеніміндегі жандармен қатар, мұсылмандар, католиктер мен еврейлер де келіп, бұлақ суымен жуынады, бой сергітеді.
Аудан тұрғындарының айтуынша, бұл бұлақ – бірлік пен сенімнің символы. Түрлі сенімдегі адамдар мұнда тек ем табу үшін ғана емес, тазалық пен тыныштықты сезіну үшін келеді.
Экологиялық акция – аудан жұртшылығының табиғатты аялауға, киелі орындарды сақтау мен оларды келер ұрпаққа жеткізуге деген жауапкершілігін көрсетті.