Өңірде қаржы пирамидаларының салдарынан 197 салымшы 88 млн теңге шығынға ұшыраған.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Ғалым Шегенов мәлімдеді.
Жалпы, қаржылық пирамидалар көптеген елдерде заңсыз деп танылған және Қазақстанда да тікелей тыйым салынған. Біздің елімізде мұндай ұйымдарға қарсы күрес заңнамалық деңгейде жүргізіледі. ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабына сәйкес қаржылық пирамида құру және басқару заңсыз болып табылады. Бұл бап бойынша 3 000 АЕК-ке дейінгі (11 796 000 теңге) айыппұл немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Егер қылмыс ұйымдасқан топпен жасалса, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу шарасы қолданылады, – деп атап өтті Ғалым Шегенов.
Спикердің айтуынша, Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті заңсыз қаржылық пирамидалармен күресті тұрақты түрде жүргізуде.
Қаржылық мониторинг агенттігі «Қаржылық пирамидалармен күрес» арнайы жобасын іске қосты. Бұл бастама қаржы пирамидаларының қызмет ету мерзімін қысқартуға және олардан зардап шеккен азаматтардың санын азайтуға бағытталған. Өткен жылы Абай облысында «Bitlime», «Magis», «Chia Tai Tiahging» және «Eolus» қаржы пирамидалары әшкереленді. Олардың салдарынан 197 салымшы жалпы 88 млн теңге шығынға ұшырап, 3,4 млн теңге өтелді және 30 млн теңгеден астам мүлік тәркіленді, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Сонымен қатар, интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселесі де қозғалды. Абай облысы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығы орынбасарының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Мират Қабытаев азаматтарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.
Интернет-алаяқтық – бұл адамдарды алдау арқылы олардың жеке деректерін, ақшаларын немесе құпия ақпараттарын ұрлауға бағытталған қылмыс. Алаяқтар фишинг, әлеуметтік инженерия, зиянды бағдарламалар және жалған интернет-дүкендер сияқты әдістерді қолданады. Өзіңізді қорғау үшін күдікті сілтемелерге өтпеу, жеке деректерді ешкімге айтпау және сенімді пароль қолдану маңызды. Антивирус орнатып, екі факторлы аутентификацияны қосу қауіпсіздікті күшейтеді. Алаяқтық құрбаны болған жағдайда банкке хабарласып, аккаунтыңызды бұғаттап, құқық қорғау органдарына жүгіну қажет, – деп қорытындылады Мират Қабытаев.