Абай облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойының бірқатар маңызды оқиғалармен тұспа-тұс келуінің терең символдық мәні бар екенін атап өтті.
Оның айтуынша, бұл елдегі бейбітшілік, бірлік пен қоғамдық келісімді сақтау мен нығайтудың маңыздылығын айқындайды.
Құрметті жерлестер, қадірменді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері! Бүгін – ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің өміршеңдігін дәлелдеген бірегей институт, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толған маңызды күн. Осы уақыт ішінде ҚХА-ның арқасында Қазақстанда 100-ден астам ұлт пен ұлыс бейбітшілік пен ынтымақтастықта өмір сүріп келеді. Бұл – сіздердің күнделікті еңбектеріңіздің, ортақ мақсат жолындағы қажырлы қызметтеріңіздің жемісі. Сіздер бейбітшілік пен достықтың шырағын жағып, қоғамдағы келісім мен татулықты нығайтуға сүбелі үлес қосып келесіздер. Ассамблеяның құрылған күні – көктемнің алғашқы күні, Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келуі де ерекше мәнге ие. Біз бүгін осы айтулы сәтті естелік тақтаның ашылуымен бастап отырмыз, — деді Айдар Садырбаев.
Айта кетейік, мұндай іс-шара Қазақстанның барлық өңірлерінде бір мезгілде өтті. Бүгін еліміздің көптеген Достық үйлерінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай естелік тақтаның салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды.
«Возрождение» неміс қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лилия Гончарук алғыс білдіру – адам бойындағы ең терең әрі қуатты сезімдердің бірі екенін атап өтті.
Алғыс айту – адам баласы сезіне алатын ең қуатты әрі мағыналы сезімдердің бірі. Шынайы алғыс арқылы тек өзіңді ғана емес, айналаңдағы жандарды да бақытты етуге болады. Мен өзімнің және ата-анамның бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері үшін шексіз ризашылығымды білдіремін. Қазақстанға қоныс аударған этностар көрші-қолаңның қамқорлығы мен ізгілігін сезінді. Сол үшін бәріміз алғыс айтамыз. Еліміздегі бейбітшілік, достық пен татулық әрдайым сақталсын! – деп қорытындылады Лилия Гончарук.
Шара соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай естелік тақта салтанатты түрде ашылды.