Қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады. Бұл туралы оразаның маңыздылығы мен ораза ұстау ережелері туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, Рамазан – мұсылмандардың өміріндегі ерекше ай. Бұл тек рухани тазару кезеңі ғана емес, сонымен қатар жақсылық істер жасап, мұқтаждарға көмек көрсету мүмкіндігі. Биыл Рамазан айы 29 күн болады. Ал, 30 наурызда Ораза айт мерекесі аталып өтіледі.
Қасиетті Рамазан айы жақындап келеді. Бұл ай мұсылмандардың рухани өмірінде ерекше орын алады. Ол тек рухани тазарудың кезеңі ғана емес, сонымен қатар жақсылық жасау, жақындарға көмек көрсету, айналамызға мейірімділік нұрын шашу уақыты. Өз атымнан және өңіріміздегі барлық діни қызметкерлер атынан барша мұсылмандарды қасиетті айдың басталуымен құттықтаймын, – деді Асқар қажы Әбітайұлы.
Сондай-ақ, ол биылғы пітір-садақаның мөлшері 655 теңге екенін хабарлады. Бұл сома еліміздегі екі килограмм ұнның орташа бағасына негізделіп есептелген. Ал денсаулығына байланысты өмір бойы ораза ұстай алмайтын адамдар мұқтаж жандарға 1 күндік тамақтану ақысына сәйкес келетін Підия садақасын беруіне болады. Оның биылғы мөлшері 3 520 теңге мөлшерінде бекітілді.
Абай облысы Дін істері басқармасының бас маманы Жасұлан Амангелдіұлы Рамазан айы тек ораза ұстаумен шектелмей, сонымен қатар қоғам бірлігін нығайту кезеңі екенін атап өтті.
Қасиетті Рамазан айында біздің мемлекетіміздің моральдық құндылықтары айқын көрініс табады. Осы кезеңде мемлекет аз қамтылған отбасыларды, ардагерлер мен жалғызбасты азаматтарды қолдауды күшейтеді. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында арнайы шаралар қабылданады. Сонымен қатар, мәдени және рухани іс-шаралар ұйымдастырылып, халыққа рухани қолдау көрсетіледі, – деп атап өтті Жасұлан Амангелдіұлы.