Абай облысында сапасыз және талапқа сай келмейтін тауарларды анықтау жұмыстары жалғасуда.
Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады.
Өткен жылы облыстағы сауда орындарынан 249 өнім сынамалары іріктелді. Оның ішінде 138-і – тамақ өнімдері, 111-і – халық тұтынатын тауарлар. Зертханалық сараптама нәтижесінде 95 өнімнің (38,1%) техникалық регламенттерге сәйкес келмейтіні анықталды, – деді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Раушан Фатхуллина.
Мамандардың айтуынша, көп жағдайда таңбалау талаптары бұзылған, сақтау шарттары сақталмаған немесе сапасыздық белгілері байқалған. Мұндай өнімдер тізімге енгізіліп, сатылымнан алынды. Тұтынушыларды хабардар ету мақсатында ақпарат департаменттің ресми желілерінде жарияланып отырады.
Сондай-ақ, мамандар азық-түлік өнімдерінің таңбалануы маңызды екенін ескертті.
Әр тауардың атауы, құрамы, дайындалған күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары мен өндіруші туралы мәліметтері болуы тиіс. Барлық ақпарат мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылуы қажет. Сапасыз өнім анықталған жағдайда, тұтынушылар Абай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне 8 (7222) 637106 нөмірі арқылы хабарласа алады, — деп атап өтті департамент өкілдері.