Абай облысында көктемгі су тасқынына байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, алдын алу жұмыстары басталды. Осы мақсатта 1 400 адамнан тұратын арнайы топ құрылып, қажетті техника әзірленді, қорғаныс дамбалары салынды. Сонымен қатар, мамандар өзендер мен жолдардың, су қоймаларының жағдайын бақылап, су басу қаупін азайту үшін инженерлік жұмыстар жүргізуде.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Алексей Штыкель мәлімдеді.
Облыста су тасқыны наурыздың екінші онкүндігінде басталып, маусымның ортасына дейін жалғасады. «Қазгидромет» мәліметтері бойынша, топырақтың қату деңгейі 22-115 сантиметр аралығында, бұл өткен жылмен салыстырғанда төмен. Синоптиктердің болжамына сәйкес, наурыз айындағы орташа температура климаттық нормадан 2 градусқа жоғары болады. Ғарыштық мониторинг деректері бойынша, облыстың басым бөлігі қармен жабылған. Су тасқыны қаупі жоғары аймақтар тізіміне 45 елді мекен мен 35 жол учаскесі енгізілді, – деді Алексей Штыкель.
Оның айтуынша, өңірде тасқынға қарсы кешенді жоспар жүзеге асырылып жатыр. Барлық күштер мен құралдар толық дайындыққа келтірілген.
Қазіргі таңда 60-тан астам инженерлік іс-шара атқарылып, өзен жағалаулары бекітілді, 32 қорғаныс дамбасы салынды. Сонымен қатар, 14 автожол учаскесінде су өткізу мүмкіндігі артты. Қаңтар айында су тасқынының алдын алу шаралары бекітіліп, қала және аудан әкімдіктері 12 мың тоннадан астам инертті материал, 74 мың дана қап, 140 тонна жанармай қорын жасақтады. Бұдан бөлек, өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізу үшін тиісті келісімдер жасалды, – деп нақтылады спикер.
Өткен жексенбіде Абай облысының әкімі Берік Уәли, оның орынбасары Димитрий Гариков және Алексей Штыкель өңірдің бірнеше ауданын, соның ішінде Бородулиха аумағын әуеден бақылап шықты. Жұмыс тобы Ертіс пен Үбі өзендерінің гидрологиялық жағдайын бағалап, ахуалды тексерді. Алексей Штыкельдің айтуынша, қазіргі кезде жағдай тұрақты, өзендерде мұз қатқан, су деңгейі көтерілмеген.
Абай облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Айнұр Ақмырза су қоймалары мен тоғандардың толымдылығына мониторинг жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Су өткізу арналары мен кіреберіс жолдар тазартылып жатыр. Сондай-ақ, күн сайын су қоймаларының деңгейін бақылау үшін 12 кезекші-бақылаушы бекітілді. Гидротехникалық нысандар кешенді тексерістен өтті. Бүгінде барлық коммуналдық су қоймалары транзиттік режимде жұмыс істеп, артық су жиналмай жатыр, – деп түйіндеді Айнұр Ақмырза