Өңірде көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру 1 наурызда басталып, 30 маусымға дейін жалғасады.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы Қорғаныс істері департаментінің бастығы Руслан Омаров мәлімдеді.
Биылғы көктемгі шақыру аясында облыстың 18-27 жас аралығындағы 750-ден астам азаматы мерзімді әскери қызметке аттанады. Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға заңды негізі жоқ азаматтар Қарулы Күштер қатарында борышын өтейді, — деді Руслан Омаров.
Шақырту қағаздары азаматтардың тұрғылықты мекенжайы мен жұмыс орны бойынша табысталады. Сонымен қатар, 1414 қызметі арқылы SMS-хабарлама түрінде де жолданады. Кейінге қалдыру немесе босату туралы өтініштер жергілікті атқарушы органдарда немесе Электрондық үкімет порталында рәсімделеді.
Мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру рәсімі автоматтандырылған. Бұрын қағаз анықтама талап етілсе, енді Қорғаныс министрлігінің ақпараттық жүйесіне Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің базаларынан мәліметтер цифрлық форматта беріледі. Шетелде оқитын студенттер Электрондық үкімет порталы арқылы тіркеле алады.
Әскери қызмет – әр азаматтың заңмен белгіленген міндеті. Әскерден жалтару қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, кейінге қалдыру немесе босату мәселесін белгілі бір төлем арқылы шешемін деген алаяқтарға сенбеу керек. Бұл қызметтер тегін көрсетіледі, — деп ескертті Руслан Омаров.
Көктемгі шақыру науқаны 30 маусымға дейін жалғасады.