• 7 февраля, 2025

Атаулы әлеуметтік көмек көрсету тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізілді

Фев 6, 2025

Енді, АӘК 12 айға емес, тек тоқсанға тағайындалатын болды. Бұл туралы Абай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысы орынбасарының м. а. Ерсін Құдайбергенов “Абай облысының өңірлік комммуникациялар қызметі” алаңында хабарлады.

Әлеуметтік кодекске сәйкес 2025 жылдан бастап АӘК тағайындау үшін кедейлік шегі халықтың медиандық кірісіне қарай белгіленеді. Бұл шек өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан төмен болмайды. Ағымдағы жылдың І тоқсанында Абай облысы бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейі 51 492 теңге, ал АӘК тағайындау үшін кедейлік шегі 36 044 теңге болып белгіленді, – деп мәлімдеді Ерсін Құдайбергенов.

Сонымен қатар, спикердің айтуынша АӘК отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісі мен кедейлік шегінің мөлшері арасындағы айырмашылық ретінде төленеді. Еңбекке жарамсыз азаматтары бар отбасыларға шартсыз көмек, ал шартты ақшалай көмек отбасы құрамында кемінде бір еңбекке қабілетті мүшесі жұмысқа орналасқан жағдайда беріледі.

Бұдан бөлек, 1 жастан 6 жасқа дейінгі әр балаға 1,5 айлық есептік көрсеткіш (5 898 теңге) мөлшерінде қосымша төлем қарастырылған.