• 23 декабря, 2024

Абай облысында «цифрлық теңге» жобасын кеңейту ұсынылуда

Дек 23, 2024

Өңірде сараптама процестерін цифрландыру және техникалық қадағалау қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленген.

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Қыдырбаев өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, техникалық қадағалау жұмыстарының сапасы жиі сын көтермейді: қарастырылған зертханалық зерттеулер көбінесе жүргізілмейді. Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар техникалық қадағалауды өтеусіз негізде тарту үшін меморандум жасасу мүмкіндігіне ие.

Өткен жылдың қараша айынан бастап Жол активтері сапасының ұлттық орталығының оң қорытындысынсыз нысандар пайдалануға қабылданбауы тиіс. Алайда, құны 4,2 млрд теңге болатын 20 нысан теріс қорытындыға қарамастан пайдалануға берілді. Сондай-ақ, талдау барысында техникалық қадағалау тарапынан көзделген зертханалық зерттеулердің жүргізілмейтіні және осы мақсаттарға бөлінген қаражаттың (жоба құнының 1%-ы) ұрлану қаупі бары анықталды. Жалпы, бұл зерттеулер саланың жүйелік мәселелерін көрсетті. Жоспарлау және сметалық құжаттаманы дайындау процестері сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жоғары деңгейіне ие, — деді Нұрлан Қыдырбаев.

Сыбайлас жемқорлықты азайту мақсатында агенттік сараптама процестерін цифрландыру, техникалық қадағалау қызметін жетілдіру және “цифрлық теңге” пилоттық жобасын Абай облысында кеңейту бойынша ұсыныстар әзірлеген.

Сонымен қатар, Нұрлан Қыдырбаев “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік” жобасының нәтижелерімен бөлісті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта бұл жобаға 38 ерікті қатысуда.

Қоғамдық бақылау су құбырларын, автожолдарды, балалар және спорт алаңдарын салу, сондай-ақ азаматтық қорғау күштерінің халықты хабардар ету жүйелерін қамтиды. Еріктілердің арқасында 210 млн теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделді, — деп қорытындылады департамент басшысы.