• 30 октября, 2024

Қамқорлыққа толы бір күн

Окт 30, 2024

Абай облысында әлеуметтік салада 1800 адам қызмет етеді, оның 816-сы – әлеуметтік қызметкерлер.

Мамандардың күнделікті еңбегін көрсету мақсатында «Әлеуметтік сала қызметкерінің бір күні» атты арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды. Аталған шараны облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұйымдастырып, мүгедектігі бар адамдарға үйден көрсетілетін қызмет түрлері мен олардың сапасын БАҚ өкілдеріне таныстырды.

15 жылдан бері зейнеткерлер мен түрлі топтағы мүгедектігі бар жандарға қамқорлық көрсетіп келе жатқан әлеуметтік қызметкер Зәуреш Алиманова өз жұмысының бір күнін БАҚ өкілдеріне баяндап, әр қызмет алушының мінезіне бейімделіп, оларға жан-жақты қолдау көрсету қажеттігін атап өтті.

Әлеуметтік қызметкер ретінде 2009 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Қарауымда 8 адам бар, олардың ішінде бірінші топ мүгедегі Александр Анатольевич бар. Бүгін оны тамақтандырып, күтім жасап болған соң, келесі қызмет алушым, зейнеткер Наталия Константиновнаға барамыз. Таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін орталыққа тіркелген жандарға қызмет көрсетеміз. Әр қызмет алушының мінезі әртүрлі болғандықтан, біз оларға физикалық, моральдық көмек көрсетіп, күнделікті тұрмыстық көмектен бөлек, жан-жақты қолдауға тырысамыз, — деді Зәуреш Алиманова.

Ал әлеуметтік қызмет алушы Александр Анатольевич өз кезегінде көрсетілетін қызметке ризашылығын білдіріп, Зәуреш Алиманованың еңбегін жоғары бағалады.

Маған көмек өте сапалы көрсетіледі, досым болып кеткен көмекшім Зәуреш Алиманова – өз ісінің шебері, барлық жұмысты уақытында әрі мұқият атқарады. Тіпті, психологиялық тұрғыда қолдау көрсетеді. Оның қамқорлығының арқасында өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін. Әлеуметтік қызметкерлерге алғысымды білдіремін, жұмыстарына табыс тілеймін, — деп ризашылығын жеткізді қария.

Баспасөз турының соңында “Абай облысы Семей қаласының №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы” КММ бөлім меңгерушісі Бақыткүл Энтебекова орталықтың үш бағытта жұмыс атқаратынын және онда 171 қызметкер еңбек ететінін атап өтті.

Біздің орталық үш бағыт бойынша жұмыс істейді: күндізгі жартылай стационар, үйде қызмет көрсету және белсенді ұзақ өмір сүру. Белсенді ұзақ өмір сүру бөлімі кейіннен ашылғандықтан, қазіргі таңда онда 100-ден астам зейнеткер қызмет алуда. Күндізгі жартылай стационарда қызмет алушыларға медициналық және денсаулықты нығайтуға бағытталған спорттық шаралар ұйымдастырылады. Орталықта барлығы 1200 адам қызмет алады, оларға 171 қызметкер көмек көрсетеді. Біздің мамандар өз жұмысына адал әрі жауапкершілікпен қарайды, әрбір қызмет алушының қажеттіліктеріне көңіл бөліп, сапалы көмек көрсетуге тырысады, — деп қорытындылады бөлім меңгерушісі.