Көкпекті ауданында кезекте тұрғандарды баспанамен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қол қойылған меморандум аясында әрбір пәтердің ауданы 85 шаршы метр болатын 50 тұрғын үйдің құрылысы басталды.
Қазіргі уақытта Көкпекті ауылында екі пәтерлі бес, Үлкенбөкен ауылында он, Үлгілімалшы ауылында төрт, Шұғылбай ауылында үш тұрғын үй салынуда. Сондай-ақ Теректі және Шәріптоғай ауылдарында екі тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр.
Республика күні мерекесіне орай Көкпекті ауылында жаңа үйлердің кілтін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Шараға аудан әкімі Әділет Қожанбаев қатысып, жаңа қоныстанушыларды көптен күткен қоныс тойларымен құттықтады.
Баспанаға ие болғандардың бірі, көп балалы ана Динара Төлеуғалиқызы өз қуанышымен бөлісті.
Көп жылдар бойы отбасымызбен жалдамалы пәтерде тұрдық. Баспана кезегінде тұрдым. Өз баспанамыз болса деп армандадық. Бүгін арманымыз орындалып, үш бөлмелі кең пәтер алдық. Өте қуаныштымыз, — деді Динара Төлеуғалиқызы.