• 16 октября, 2024

Біздің батырлар: Семейде Құтқарушылар күніне арналған баспасөз туры өтті

Окт 16, 2024

19 қазан күні елімізде Құтқарушылар күні атап өтіледі. Осы қарсаңда Семейде құтқарушылар күніне арналған баспасөз туры өтті. «Батырлар күні: құтқарушылардың жұмыс барысы» тақырыбындағы іс-шарада БАҚ өкілдері басқаларды құтқару кезінде өз өмірлерін қатерге тігетін кәсіп иелері жұмысының күрделілігі мен маңыздылығын көзбен көріп, сезінді.

Баспасөз турының салтанатты ашылуы құтқарушылар ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Ескерткішке гүл қою өмірден өткен батырларды еске алып қана қоймай, болашақ ұрпақтың қауіпсіздігіне деген сенімді де білдірді. Сонымен қатар, жаңа қызметкерлер, яғни жас құтқарушылар батырлар қатарына қосылуға және өз міндеттерін абыроймен орындауға дайын екендерін білдіріп, ант қабылдады.

Жетілдірілген авариялық-құтқару құралдарының қалың қардан бастап су тасқынына дейінгі түрлі төтенше жағдайларға төтеп беруге мүмкіндік беретін қауқары бар екендігі көрсетілді.

Негізгі сәт қиын кезде жолда қалдырмайтын жаңа техниканы көрсету болды. Қатысушылар төтенше жағдайларда жұмыс істеуге арналған Toyota Hilux көліктерінің, сондай-ақ, қиын жерлерден өтуге қабілетті, жол талғамайтын әмбебап техникалардың жұмысымен танысты. Құтқару қызметінің мамандары барлық мүмкіндіктерін паш етіп, машиналардың күші-қуаты мен тиімділігін көрсетті.

Абай облысының ТЖД Жедел-құтқару жасағының басшысы Александр Селинкин 20 жылдан астам өмірін құтқару қызметіне арнаған маман.

Шынымды айтсам, мен өз таңдауыма ешқашан өкінген емеспін. Бұл менің қолымнан келетін жұмыс екенін түсіндім. Менің отбасым, жақындарым мені қолдайды. Жұмыс күрделі, қауіпті, бірақ өте қызықты, — дейді А. Селинкин. Сондай-ақ, ТЖД қызметкері жұмыс барысында бетпе-бет келген қилы жағдайлар мен алғашқы сапарларын еске түсірді.

Аймақтық азаматтық қорғаныс басқармасындағы құтқарушылар өз жұмыстарын журналистер назарына ұсынып, қызметкерлердің металды кесіп, зардап шеккендерді құтқарғанын және эвакуациялау барысын, өртенген жердегі үйінділерді аршу кезінде қалай жұмыс істейтіндігін көрсетті.

Баспасөз турында БАҚ өкілдері аялдаған келесі мекеме №5 өрт сөндіру бөлімі болды. Онда нақты уақытта шартты өртті сөндіру және адамдарды эвакуациялау имитациясы жүргізілді. Журналистер құтқарушылардың іс-әрекеттерін бақылап қана қоймай, оқу-жаттығу жұмыстарына белсенді қатысуға мүмкіндік алды. Яғни, олар арнайы костюмдерді киіп көріп, тіпті өрт ошақтарын сөндіру бойынша тапсырмаларды орындауға тырысты.

Арнайы ұйымдастырылған баспасөз туры қатысушыларға құтқарушылар жұмысының ерекшелігін тереңірек түсінуге және төтенше жағдайларға дайындықтың маңыздылығын бағамдауға мүмкіндік бергені сөзсіз.