• 24 ноября, 2024

АЭС орны қалай таңдалады?

Сен 21, 2024

Мемлекет басшысы АЭС құрылысын жүргізуге қатысты жалпыхалықтық референдумды 6 қазанға белгілегеннен кейін, елдегі жетекші саяси партиялар мен азаматтық ұйымдар өкілдерінің басын қосқан Халық штабы құрылды. Бүгінде әр өңірде Президент идеясының мәні мен маңызын талқылау қарқынды жүргізіліп жатыр.

PhD зерттеуші Амалбек Өміртайдың айтуынша, АЭС – стратегиялық нысан. Оның қауіпсіздігі мемлекет үшін бірінші кезекте тұруы тиіс мәселе әрі мемлекеттік деңгейде пысықталуы қажет. Қуаттылығына қарай ха­лық пен өнеркәсіптің тұрақты, ұзақ­мерзімді энергетикалық қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге басымдық берілуі жиі айтылып, артық­шылығымен қатар, кем­шін тұстары да талай рет ашық жарияланған.

«Біздің ел әлемдік қауым­дастық алдында ауаға шығара­тын көмір­қыш­қыл газын 2-3 есе азайту туралы міндеттеме алған. Халықаралық стандарттар мен талаптар сақтал­май, еш мемлекет АЭС құрылысын бастай алмайды», дейді сарапшы Амалбек Өміртай.

Еліміз үшін энергетикалық тәуелсіздік – ең күрделі мәселе­лер­дің бірі. Соның салдарынан қуат көзін көршілес елдерден импорттауға мәжбүрміз. Энергия тапшылығы сезілген сайын ға­ламдық энергетика жүйесінің АЭС-ке деген тәуел­ділігі артып келеді. Биылғы жарты жылдың өзінде 6 мың мегават энергия жетіспеушілігі байқалған.

Ядролық физика институ­тының бөлім басшысы Тимур Жолдыбаев біздегі электр энергети­ка­сының нақты қуаты 16 ГВт-ты құрайды дейді.

Ірі өндіріс орындары көбейген сайын электр энергиясына деген сұраныс артып отыр. Бұл – барлық елге ортақ мәселе. Өзбек­стан осындай тығырықтан шығу үшін АЭС салуға кірісті. Біріккен Араб Әмірлігі мен Түркия да АЭС-ті таңдады. Біздегі электр стансаларының басым бөлігінің тозығы жеткен, 70 пайызы көмір­мен жұмыс істейді. Ал кейінгі кезде жиілеп кеткен энергия тап­шылығын шешу үшін түрлі нұсқа ұсыныла бастады. Соның көш басында атом энергетикасын пайдалану тұр. Бұл ретте АЭС-ті қай жерге салған дұрыс деген мәселе туындайды. Бұған дейін Шығыс және Оңтүстік Қазақстан аумағына талдамалы жұмыстар жүргізілген.

«Екеуі де атом нысан­дарының құрылысына жарамды. Зерттеуді біз­дің компания ядролық технологиялар қауіпсіздігі орта­лығының мамандарымен бір­лесе атқарды. Үкіметтің өтініші бойынша жапондық атом ком­па­ниясының күшімен тәуелсіз тех­никалық және экологиялық сараптама жасалып, оң нәтиже көрсеткеннен кейін оңтүстіктегі аумақты ұсындық», дейді «Қазақ­­стандық атом электр стан­салары» АҚ бас директоры Тимур Жантикин.

Абай облысындағы Курчатов қаласы қарастырылғанымен, Алматы облысының Үлкен кентінде инфрақұрылым тұр­ғысынан артықшылық болған. Балқаш өзенінің бо­йындағы құрылыс ауданы кеңес заманы тұсынан бері көзге түсіп келген еді. 1984 жылы Оңтүстік Қазақстан аумағына ГРЭС салу жоспарланып, кейін тоқтатылған. 2008 жылдары Балқаш ЖЭС-ін салу туралы шешім қабылданғанымен, ол да аяқсыз қалды.

Атом электр стансасын салу­дағы аудандарды зерттеу МАГАТЭ құжаттары мен елі­міздің нормативтік-техникалық талаптары негі­зін­де жүргізілген. Ондағы қарастырылған басты фактор – жер сілкінісі мен геоло­гиялық құбылыстар, гид­ро­метеорологиялық жағ­дай­лар, АЭС пайдалану ке­зінде аудан гидрографика­сына әсері. Үл­кен ауылы аума­ғының инфра­құрылымдық артық­шы­­лықтары зерттеліп, талдама нәтижесіне қандай да бір кедергі келтіретін жағдай тір­­келмеген.

Мамандардың айтуынша, Бал­қаш көлінің жағасында АЭС салу бірнеше өңірде электр энергиясына деген тап­шылықты жо­йып, импортқа тәуелділікті азайтып қана қой­май, бағаны да тұрақ­тан­дырады. Сонымен қатар көп­теген қосалқы жұмыс орындары ашылып, Жетісу мен Алматы өңірінде өндіріс пен биз­нес өркен жаймақ.

Саясаттанушы Марат Шибұтов еліміздің оңтүстік өңір­­ле­рінде энергия тапшы­лығы 2-3 жыл­дан кейін айқын біліне­тінін, сондықтан аталған аумаққа атом электр стансасын салу оңтайлы шешім екенін айтады.

«Үкімет стансаны салу туралы шешім қабылдау шыңына жетті. Біз Балқаш аумағын атап отырмыз. Заң бойынша үш балама алаңды талдап, сипаттап, біреуін негізгі алаң ретінде ұсынғанда ғана, атом стансасы салынады», дейді Тимур Жантикин.

Сонымен қатар сарапшы референдум нәтижесінен соң жет­кізушіні, технологияны таңдау, нақты экономикалық есеп жүргізу және сараптау­дан өту секілді дайындық жұ­мыс­та­рына екі жылдай уақыт ке­те­тінін, мемлекеттік сараптамаға бір жылдың үстінде, құрылыс жұ­мыс­та­рына тағы бес жыл, сонда барлығы бас-аяғы он жылға созы­латынын айтады.