Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата жанындағы Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Іс-шараға Абай облыстық мәслихат төрағасы Қуаныш Сүлейменов онлайн-форматта қатысты.
Жиында Сенат Төрағасы Кеңестің бұған дейінгі отырысында белгіленген міндеттер бойынша атқарылған істер жөнінде айтып, алдағы бірлескен жұмысты тиімді жүзеге асыру мақсатына тоқталды. Атап айтқанда, заң шығару қызметімен бірге өңірлердегі проблемаларды бірлесіп шешу, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару жүйесін дамыту, заңдардың аймақтарда орындалу барысын бақылау, сондай-ақ, мәслихаттарға методикалық және материалдық-техникалық қолдау көрсету бағыттары бойынша Сенат пен жергілікті өкілді органдар арасындағы өзара іс-қимылды нәтижелі жүзеге асыру мәселелері туралы айтылды.
Мәулен Әшімбаев бұл істе Мемлекет басшысы Жолдауда белгілеп берген экономикалық саясаттың жаңа үлгісіне көшу мәселесіне қатысты міндеттердің маңызды екеніне назар аударды. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, биыл Парламент бірқатар заңдар қабылдайды. Олардың қатарында жаңа Салық, Бюджет, Қала құрылысы, Су кодекстері бар. Бұл заң жобалары бойынша, әсіресе өңірлерге қатысты мәселелерде, мәслихат депутаттарының ұсыныстарын назарға алудың маңызы зор екендігіне мән берілді.
Сондай-ақ, Палата Спикері биыл елімізде мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толатынын атап өтті.
Кеңес отырысының қорытындысында заң шығару қызметінде және басқа да маңызды бағыттарда барлық деңгейдегі депутаттардың күш-жігерін біріктіріп, бірлескен жұмысты одан әрі жандандырудың маңызды екені айтылды. Іс-шара барысында өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныс-пікірлер айтылды.
Абай облысының мәслихаты баспасөз қызметі