Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Семей қаласының білім бөлімінің басшысы Біржан Заманбекұлы былтырғы жылы атқарылған жұмыстар мен саланының дамуы туралы баяндама жасады.
2023 жылы білім беру саласын дамытуға бөлінген қаржы 43,7 млрд теңгені құраған. Оның ішінде 54 білім беру мекемесінде 691 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, барлық объекті бойынша 192 жоба іске асырылған. Атап айтар болсақ халықтың аз қозғалатын топтары үшін объектілерді бейімдеу, қазандықтарды, шатырларды, терезе блоктарын, спорт залдарды және жылыту жүйелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізген.
Сонымен қатар білім бөлімінің басышысы Біржан Заманбекұлы «Оқуға құштар мектеп- оқуға құштар ұлт» жобасы аясында 51 мектепте кітапханалар жаңғыртылғандығын және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында барлық білім беру нысандарына бейнебақылау жүйесінің орнатылғандығын жеткізді.
Семей қаласында ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап 63 балабақша жұмысын бастады. 695 баланы қамтитын жалпы білім беретін мектептер жанындағы 21 шағын орталық бар. Қала мектептеріндегі оқушы орындарының тапшылығын қысқарту үшін биылғы жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2 мектеп салынады. Ол «Қарағайлы» шағын ауданындағы 1200 орындық мектеп (шығыс жағы) және «Водный» кентіндегі 600 орындық мектеп. Сондай-ақ облыс әкімдігі мен «KAZ-Minerals» ЖШС арасында жасалған меморандум аясында «Заря» ауданында да 1200 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде. Аталған мектептер осы жылы пайдалануға беріледі, — деп атап өтті спикер. Инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында 62 жалпы білім беретін мектептің жанынан 728 баланы қамтитын инклюзивті білім беру сыныптары ашылған. Бұл білім беру сыныптарында арнайы педагогтар қызмет атқарады. Ал, қосымша біліммен қамту аясында қалада балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын, жұмыспен қамтылуын ұйымдастырумен 8 қосымша білім беру ұйымы айналысады. Онда 580 түрлі үйірмелер мен секциялар бар.
Жалпыға бірдей білім беру шеңберінде 68 жалпы білім беретін мектепте ыстық тамақ ұйымдастырылған. Оның ішінде 52 қалалық және 16 ауылдық мектеп. Қала мектептерінде аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 7230 бала бар, олар бір балаға 620 теңге есебінен 100% тегін тамақпен қамтылды. Білім беру саласындағы жергілікті бюджеттен 2024 жылға тегін тамақтандыруды ұйымдастыруға 2 958 170 мың теңге бөлінді, — деді Біржан Заманбекұлы.