• 24 ноября, 2024

Семейліктер «Елбасы жолы. Астана» фильмін тамашалады

Дек 18, 2018

Ел Тәуелсіздігінің тарихы тереңде жатыр. Бұл тікелей Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен халқымыздың жеңісі. Семейдегі Абай атындағы театрда режиссер Ақан Сатаевтың «Елбасы жолы. Астана» фильмін тамашалауға халық қалың жиналды. Семейдегі «Жастар» ресурстық Орталығының маманы Думан Кенжеғазиннің алған әсері шексіз екендігі көрініп тұр, былай дейді:

— Тәуелсіздіктің 27 жылдық мерекесінде тариxи туындыны көріп, бойымызға күш-қуат жинап, қыран құстай қанаттандық деп ойлаймын. Фильмді тамашалауға келген көрермендеріміз бен жастарымызға ұнады деген сенімдемін. Елбасының жүріп өткен жолы тікелей Тәуелсіздікпен байланысты. Тәуелсіздік біздің ең басты құндылығымыз! Елорданың бұдан 20 жыл бұрын қалай қалыптасқаны, елінің ертеңін ойлап, құс ұйқылы күй кешкен Нұрсұлтан Әбішұлының табандылығы, батырлығы мен алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы арқау болған бұл фильм көріп отырған біздер мен сіздерге ерекше әсер қалдырды деп ойлаймын.

Елім деп еміренген үлкен-кішіге, өскелең ұрпаққа ұшқыр ой салған тамаша туындыны ардагерлермен, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен, зиялы қауыммен бірге қала әкімі Ермак Сәлімов те тамашалап шықты. «Елбасы жолы. Астана» фильміндегі Кемеңгер Көшбасшымыз, Ұлт мақтанышы Нұрсұлтан Әбішұлының рөлін танымал актер Мұрат Аxманов айнытпай, шынайы сомдап шыққан.

— Режиссер Ақан Сатаевтың ізденісі айқын көрініс тапқан «Елбасы жолы. Астана» атты жаңа туындысы бүгінде әлемге әйгілі, көп ұлтты Қазақстанды ғана емес, төрткүл дүниені тамсандырған көрікті де келбетті Елордамыз Астананың тұрғызылуын керемет баяндаған. Кездескен қиындықтарға мойымай, нарықтың өтпелі тұстарын, өсу жолдарын, зәулім құрылыстардың қалай бой көтергені жайында көрсетеді, — дейді белсенді тамаша жастың бірі Семей қаласының «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі Мәдина Мұқашева, — сіздерді қала жастары атынан шын жүректен осы фильмнің тұсаукесерімен құттықтаймын! Біз жастар еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек етіп, бар күшімізді салатын боламыз! Тәуелсіздік мерекесінде және Жаңа 2019-ыншы жылда баршаңызға бақыт, еңбектеріңізге жеміс тілеймін!

Марат Айболов