Астана қаласында өткен ІV республикалық кәсіби «WorldSkills Kazakhstan 2018» чемпионатында Шығыс Қазақстан облысының құрамасы 7 сала бойынша 7 алтын медальге қол жеткізген. Облыс құрамасы 24 бәсеке бойынша 27 қатысушы дайындаған. Жалпы командалық есепте Шығыс Қазақстан облысы 1-інші орынды жеңіп алыпты.
Атап айтқанда, «Электроника» бойынша Өскемен политехникалық колледжінің студенті Павел Фетисов, «Мехатроника» бойынша Семей электротехникалық колледжінің студенті Александр Бетцольд пен Исажан Раисов, «Мейрамхана бизнесі» бойынша Семейдегі Бизнес және сервис колледжінің студенті Әнуар Сарбасов, CAD инженерлік графикасы бойынша Семейдегі радиотехника және байланыс колледжінің студенті Денис Зорин, «Кірпішпен қалау» бойынша Семей құрылыс колледжінің студенті Арал Дінмұхамбет, «Аспаз ісі»-Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінің түлегі Саят Тоқтарханов, «Электромонтаждау жұмысы»-Өскемен политехникалық колледжінің студенті Денис Шарыповтар алтын медаль иеленген.
Алтын жүлде иегерлері еліміздің намысын Татарстанның Қазан қаласында өтетін тамыз айындағы «WorldSkills Kazan 2019» кезекті чемпионатында қорғайды.
Күміс жүлделерге келсек, Семей Бизнес және серис колледжінің студенті Людмила Упорова «Шаштараз шеберлігі» бойынша және «Графикалық дизайн» бойынша Рымбек Байсейітов атындағы қаржы-экономикалық колледжінен Ілияс Медхатов жеңіп алыпты.
Қола жүлдедер бойынша, «Наубайхана өнері» саласында Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінен Ирина Бородулина, «Дәнекерлеу технологиясы» бойынша Максим Гусельников Өскемен құрылыс колледжінен оқ бойы озып алға шыққан.
— Бұл сайыс жыл сайын біздің облыста кеңінен қанат жайып келеді,-деді Көлік колледжінің директоры Шаған Жұмақсанов, — WorldSkills сайысы облыста алғашқы жылдары жеті ғана сала бойынша өткізілсе, 2017 жылы он бір сала бойынша қолға алынды. Ал, биыл міне, 2018 жылы 31 саланы қамтып отыр. Біздің өңірде жұмысшы жастар дайындайтын мүмкіндік зор. Әрине, колледждердің 85 пайызы толық жұмысқа орналасып кетеді. Әсіресе, құрылысшы, шаштараз, кондитер, ауылшаруашылық мамандарына деген сұраныс жоғары.
Өткен жылы облыста КазЦИНК-пен келісімшарт бекітіліпті. Сөйтіп жастар оқи жүріп, ірі кәсіпорындарды еңбек ете алды. 2018 жылы осы сайыс Семей машина жасау зауытының негізінде ұйымдастырылыпты. Балалар өздері керекті мамандықты оқып жатқандықтарын түсіну керек. Сөйтіп, республикалық сайысқа жолдама алған кезде тың дайындықта болады. Әрине, былтыр халықаралық деңгейге дейін көтерілгендер бар. Бірақ, ағылшын тілін еркін білмеуі оларға біршама кедергі болған.
— Бұл облыстық білім басқармасының тікелей ұйымдастыруымен қолға алынған шаруа,-деді Шығыс Қазақстан облыстық техникалық және кәсіптік білім беру және мамандарды даярлау орталығының директоры Ришат Рамазанов, — бұл қоғамдық қызмет көрсету, техникалық біліктілік, құрылыс саласы дейсіз бе, жалпы жұмысшы мамандығына қатысы барлар өз біліктіліктерін көрсетті. Және алған білімдерін ортаға салады. Бұлардың барлығы да экономикамен тікелей байланысты мамандықтар. Бұл облыс бойынша осындай ауқымды түрде тұңғыш рет қолға алынған шара. Салыстырмалы түрде айта кетсем, былтыр республика бойынша 30 түрлі салада сайыс өтіп, оған 140 адам қатысқан еді. WorldSkills бұл әлемдік қозғалыс, Еуропада пайда болған. Соғыстың соңғы жылдары елде маман тапшы болып, жұмысшыларды оқытып, үйрету керек болған кезде осы WorldSkills бағдарламасы қолға алынды.
Марат Айболов