«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері Ауғанстан соғысының ардагері Сергей Черниковты әскери барлау күнімен құттықтады.
Семей гарнизонына ем қабылдауға келген ардагерді айтулы мерекесімен 44736 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары подполковник Ержан Қошқаров, 32355-К әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары капитан Бекжан Қадылов, 44736 әскери бөлімінің аға маманы-аға радиотелеграфист ефрейтор Ольга Ханова құттықтап барды. Сергей Черников жуырда Алматы қаласындағы полковник Борис Керімбаев атындағы «Патриоттық дамуға жәрдемдесу орталығының» шешімімен «Армиялық спецназ» арнайы медалін алған.
Оның пікірінше, елін қорғау жолында қыршын болған әскери барлаушылардың қаһармандық ерліктері ешқашан ұмытылмауы тиіс. Мәселен, Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған барлаушылардың бірі Бейсен Оңтаев 1943 жылы десантшылар тобының қатарында алғашқылардың бірі болып Днепрден өтуге қатысты. Зеңбірек оғының жауғанына қарамастан дұшпанның траншеясына басып кіріп, жаумен қоян-қолтық ұрысты.
Кеңес Одағының Батыры барлаушы Жолдас Сүлейменовтің кеудесіне 1943 жылдың қарашасында 120-шы гвардиялық полктің алдында Кеңес Одағының Маршалы К.К.Рокоссовский өз қолымен «Алтын Жұлдыз» орденін таққанын біреу білсе, біреу білмейді. Бейсен Оңтаев, Виктор Бойченко, Леонид Шиловский, Гавриил Будник, Прокофий Корниенко, Федор Туров, Григорий Вахонин, Сейітқасым Әшіров, Михаил Абдолов секілді жүрегі қайсар барлаушылар туралы естелік – отаншылдықты оятатын, намысты қамшылайтын, рухты асқақтататын қырларымен қымбат.
Ауғанның асуында от кешкен азаматқа әскерилер сый-сияпатын жасады. Ол да қолбасшылық офицерлеріне зор ризашылығын білдірді.