• 23 ноября, 2024

Семей қаласының әкімі Н. А. Сақтағановтың баяндамасының тезистері

Янв 27, 2021

«Елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың іске асырылуы, Семей қаласының өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы, оны одан әрі дамытудың міндеттері мен негізгі бағыттары туралы»

Қала халқы мен жалпы экономика үшін өте қиын болған 2020 жылғы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылай келе, көптеген салаларда 2019 жылмен салыстырғанда оң нәтижелерге қол жеткізілді деп айтуға болады.

Өнеркәсіп

2020 жылы 261 млрд. теңгеге өнеркәсіп өнімдері өндірілді, бұл 2019 жылғы деңгейден 48,6 млрд. теңгеге немесе 22,8 % жоғары. Облыстық көлемдегі үлес 10,3 % құрады.

Қаланың өнеркәсіп әлеуетінің жалпы көлемінің зор үлес салмағын өңдеуші өнеркәсіп алып отыр — 80,1 %. Өндіріс көлемі 27,9 % өсіп, 2019 жылғы 163,4 млрд. теңгеге қарағанда 209,1 млрд. теңгені құрады.

Индустриялық-инновациялық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жобалық қуаты     жылына 140 мың тонна тазартылмаған өсімдік майы болатын «QAZAQ-ASTYQ GROUP» ЖШС-нің «Өсімдік майларын өндіретін май экстракциялау зауытын салу» жобасын іске асыру және 230 жұмыс орнын құру басталды.

Экономикалық саясаттың негізгі басымдықтарының бірі — қолайлы инвестициялық климатты қалыптастыру, инвестициялар тарту.

Есепті кезеңде 93,7 млрд. теңге инвестиция тартылды, бұл 2019 жылдың деңгейінен 18,3 % көп, оның ішінде бюджеттік қаражат – 43,6 млрд. теңге, жеке инвестициялар – 50,1 млрд. теңге.

Ауыл шаруашылығы

2020 жылы ауыл шаруашылығын қолдауға және дамытуға шамамен 2,0 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде 1,4 млрд. теңге субсидия, 553 млн. теңге — мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру шеңберінде. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 2020 жылы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 110,4 % артып, 40,5 млрд. теңгені құрады.

Дала жұмыстарын аяқтау қорытындысы бойынша жалпы өнім жинау 19 млрд. теңгеге бағаланып, 2019 жылға қарағанда 117,9 %  өсті.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқаптарының алаңы есепті кезеңде 692 га немесе  4,9 % ұлғайды.

Барлығы 750 тонна астық,  1170 тонна майлы дақылдар,  54,5 мың тонна картоп, 33,2 мың тонна көкөніс және бақша дақылдары жиналды.  

Тамшылатып суару әдісімен егістік алқаптары 268 га ұлғайтылып, нәтижесінде картоп пен көкөніс түсімі 8% артты.

745 тонна астық,  300 тонна күнбағыс,  54 мың тонна картоп, 30 мың тонна көкөніс, 1096 тонна бақша дақылдары жиналды.  

Меншікті қаражаты есебінен 12 шаруа қожалығы лизингке 215,3 млн. теңге сомасына 25 ауылшаруашылық техникасы мен жабдығын алды.

2021 жылы егіс алқабын 5,7 пайызға (15,6 мың гектарға дейін) ұлғайту, қосымша 500 га суармалы жерді игеру жоспарланып отыр.

Қалада майлы дақылдарды өңдеу бойынша үлкен жоба жүзеге асырылуда, оны пайдалануға беру жылына 140 мың тонна өсімдік майын өндіруді қамтамасыз етеді.

АӨК-тің қайта өңдеу салаларына салынған жалпы инвестиция көлемі 6 млрд. теңгеден асады.

Есепті жылы ірі қара мал саны 11,2 %, ұсақ мал — 12,7 %, жылқы — 18,3 % өсті.

Новобаженово ауылдық округінің «Шолпан» ШҚ базасында сүт қабылдау пункті ашылды.

4 сүт-тауарлы фермада 1038,0 тонна сүт өндіріліп, 1006,7 тонна қаланың сүт өңдеу кәсіпорындарына өткізілді.   

Ауылдық округтердің тұрғындарынан 1414,7 тонна сүт жиналды.

 «Арай-EAST Food» ЖШС Ресей Федерациясына 2934,5 тонна шұжық өнімдерін экспорттады.  

 «Semey Qus» ЖШС-нің тағамдық тауарлы жұмыртқа шығару қызметі қайта жанданды, 30,0 мың бас асыл тұқымды тәуліктік балапандар әкелінді, тағы 60,0 мың бас құс сатып алу жоспарлануда. 2021 жылдың соңына дейін 12,0 млн. дана жұмыртқа шығару жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы өніміне бағаны тұрақтандыру үшін  өңірде тұрақты түрде «Северный» СЛО-да ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтеді. Есепті кезеңде 237,7 млн. теңге сомасына 28 жәрмеңке өткізілді.

2019-2020 жылдардағы маусымаралық кезеңде тұрақтандыру қорына Семей қаласы үшін 1000 тонна картоп және 2000 тонна көкөніс салынды, 1,2 мың тонна немесе 40 % сатылды.

Шағын және орта бизнес  

Өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және үйлесімді өсуін қамтамасыз ету мақсатында Мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде жүйелі жұмыс жүргізілуде.

 «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 2020 жылы 4 427,0 млн. теңгеге 184 жоба бойынша қолдау көрсетілді, оның ішінде:   

кредиттерді субсидиялау бойынша – 3 015,0 млн. теңге сомасында 81 жоба;

кепілдік беру бойынша – 1 412,0 млн. теңге сомасында 103 жоба.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 — 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 42 жоба бойынша қолдау көрсетіліп, 365,3 млн. теңге сомасында кредиттер берілді.

Өңірлік деңгейде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамымен  бірлесіп, «Ақ ниет» кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларын жеңілдікпен қаржыландыру бағдарламасы іске асырылуда, оның аясында 170,0 млн. теңгеге 5 жоба қаржыландырылды.

Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 0,8 % өсіммен 21,4 мың бірлікті құрады,  жұмыспен қамтылғандар саны – 55,9 мың адам.

104,5 % өсу қарқынымен 2169 жаңа жұмыс орны құрылды.

Шағын және орта бизнес субъектілерінен түсетін салық түсімдері мен төлемдерінің көлемі 2019 жыл деңгейіне 109,0 % өсу қарқынымен (21,6 млрд. теңге) 2020 жылы 23,6 млрд. теңгені құрады. 

Сауда

Есепті жылы бөлшек сауда айналымының көлемі  256,7 млрд. теңгені құрады, нақты көлем индексі – 101,8 %.   

 Инфляциялық үдерістерді тежеу мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына оның негізсіз көтерілу деректері бойынша жедел  ден қою шараларын қабылдай отырып, күнделікті мониторинг жүргізіліп, 10 %-дан аспайтын сауда үстемеақысын қолдану туралы сауда объектілерімен меморандумдар (280) жасалған.  

Пандемия кезеңіңде сауда кәсіпорындарының басшылары сауда алаңын жалға алуға 30-дан 50 % -ға дейін жеңілдіктер жасады.

Бюджет

Жыл қорытындысы бойынша бюджетке 26,0 млрд. теңге меншікті кірістер түсті. Өткен жылға қарағанда өсу қарқыны                   116,2 % қамтамасыз етілді.

Жоғарыда тұрған бюджеттерден 44,9 млрд. теңгеге трансферттер мен қарыздар түсті.

2020 жылы бюджеттің жалпы көлемі 72,7 млрд. теңгені құрады, бұл 2019 жылға қарағанда 7,8 % артық (67,6  млрд. теңге).

Ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға 46,1 млрд. теңге, дамытуға 24,2 млрд. теңге бағытталды.

Құрылыс

 «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының  аясында 2020 жылы Комсомольский,Ұшақтар және Ақсай кенттерінде жалпы ұзындығы 153,4 км болатын сумен жабдықтау, Комсомольский және Ұшақтар кенттерінде ұзындығы 54,9 км болатын электрмен жабдықтау желілері салынды.

 «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Ертіс өзені арқылы өтетін кәріз дюкерін реконструкциялау жүргізілді,  Мұқыр ауылында, Лодочный кентінде 26,5 км болатын су құбыры желілері салынды және   Степной кенті мен қаланың 6 көшесінде (Победа, Первомайская, Пищевиков, Молдағалиев, Сеитов және Народная көшелері) 13,9 км су құбыры желілері ауыстырылды. 

Алғабас ауылында, Березовский, Бобровка, Восточный кенттерінде және Аэропорттық-Аягөз көшелерінің су құбырларын салуға және реконструкциялауға ЖСҚ әзірленуде.

Кәріздік сорғы стансасы-10 реконструкциялау жұмыстары жалғасады, бұның өзі КСС өнімділігін тәулігіне 20 мың текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Орталықтандырылған сумен қамтылған ауыл тұрғындарының үлесін арттыру үшін Шөптіғақ және Маралды ауылдарына блок-модульдік стансалар орнатылды.

2021 жылы Шақаман, Абыралы ауылдарында сумен жабдықтау желілерінің құрылысын бастау; Жазық, Таңат, Баженово және Клементьевка ауылдарында блок-модульдік стансалар құру жоспарлануда.

ЕҚДБ мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жобаны іске асыру кезеңінде 5,5 км су құбыры желілері реконструкцияланды (Котельный — Пристанская тұйық көшелері, Западный кенті — Строительная, Фрунзе, Дулатов көшелері бойындағы 4 объектіде жұмыстар аяқталды).

Көшені жарықтандыру жүйесін жаңғырту аясында ЕҚДБ-дан қарыз қаражатының алғашқы іріктеуі алынды.  Бозтаев, Қабанбай батыр көшелерінің бойында, оң және сол жағалаудың жол айрығында 808 заманауи энергия үнемдейтін шамдар орнатылды. Бұл жұмыс биыл қаланың басқа көшелерінде жалғасады.

Негізгі шамдар ауыстырылып, аспалы көпірдің сәндік жарықтандыруы орнатылды.

Бөкенші, Озерки, Шақаман және Приречное ауылдарының көшелерін сыртқы жарықтандыру салынды.

Қарағайлы тұрғын ауданын жылумен қамту үшін АҚ-3 қазандығы (2-ші кезек) реконструкциялануда, бұл Қарағайлы тұрғын ауданының жылу қуатын 70 Гкалл/сағ дейін арттыруға мүмкіндік береді.

 Жалпы құны 1,4 млрд. теңгені құрайтын Ұшақтар ықшамауданына таратушы жылумен жабдықтау желілерін салумен қоса 66 квартал ОЖП реконструкциялау жұмыстары жалғасуда.

ЖЭО-1 және АҚ-1 объектілерінде жаңадан орнатылған жабдықтың пайдалануға берілуін және сыртқы электр желілеріне қосылуын қамтамасыз ету үшін релелік қорғанысты жаңғыртудың 2-кезегі жүргізілуде. Сыртқы электр желілеріне қосылу үшін қосу-реттеу жұмыстары жүргізіледі. 

Болашақта 103, Ғаббасов, Орталық, 35 квартал және Зооветинститут қазандықтарын реконструкциялау жоспарланған.

Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту

2020 жылдың қорытындысы бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен 198,6 мың ш. м. тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде  тұрғындар салған 76,2 мың ш. м. астам (ЖТҚ).

Көппәтерлі 18 тұрғын үй пайдалануға берілді, оның ішінде: 4 жалдамалы үй, 5 кредиттік, 9 коммерциялық үй, жалпы алаңы 115,2 мың ш. м., бизнес және сервис колледжінің жатақханасы — 7,2 мың ш. м.

Көпқабатты тұрғын үй құрылысына арналған негізгі тұрғын аудан — бұл сумен жабдықтау, су бұру, телекоммуникация, жылумен жабдықтау және электрмен жабдықтау желілерімен қамтамасыз етілген «Қарағайлы» шағын ауданы.

Ағымдағы жылы жалпы ауданы 113,3 мың ш. м. көппәтерлі 23 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр, оның ішінде: ауданы 5,201 мың ш. м. 1 жалдамалы тұрғын үй (72 пәтер); 14 кредиттік үй — 78,5 мың ш. м. (981 пәтер); 8 коммерциялық үй — 29,6 мың ш. м. (300 пәтер).

Көлік-жол инфрақұрылымы

Есепті жылы қала жолдарын жөндеуге 50 км астам автомобиль жолдарын қамтумен 3,7 млрд. теңге бағытталды.

Республикалық бюджет есебінен «Семей-Қайнар» автожолының 46 шақырымы жөнделді.

 Жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту үшін Жангильдин көшесінен «Омбы-Майқапшағай» жолына дейінгі жалпы ұзындығы 2,7 км автомобиль жолын реконструкциялау аяқталды.

Қарағайлы тұрғын ауданында алты кварталішілік өтпе жолдар салынады. 

Болашақта автомобиль-жегін көлік көпірін реконструкциялау және «Семей қаласының айналма жолы» автомобиль жолының құрылысы жүргізілетін болады.

Абаттандыру

Жол жөндеумен қатар саябақтарды, демалыс аймақтарын, алаңдар мен тротуарларды абаттандыру жұмысы жүргізілуде.

Қаржыландырудың барлық көздерін ескере отырып, қаланы абаттандыруға 4 млрд.теңгеден астам қаражат бағытталды.   

Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында алаңды реконструкциялау, театрды ғылыми-реставрациялау жұмыстары, музей мен кітапхана ғимараттарында ағымдағы жөндеу жүргізілді.

Шымкент қаласы мен Түркістан, Алматы, Жамбыл  облыстары «Абай жолы» жаяу жүргіншілер аймағын, жаңа мешіт аумағын және 7 аула аумақтарын абаттандыру бойынша жұмыстарды аяқтады.

Бейбітшілік, Смычка аралдарының, Затон және Мирный аудандарының Ертіс жағалауы іргесін бекіту бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды.

Білім беру

2020 жылы білім беру саласын дамытуға қаржыландыру көлемі 2019 жылғы деңгейге қарағанда 25,1 % (17,5 млрд. теңге) өсіммен 21,9 млрд. теңгені құрады. 

Жыл сайын орта есеппен 1,5 мың оқушыға ұлғайтуды ескере отырып, контингент 51 073 баланы құрайды.

 42 білім беру ұйымында күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізуге 1 024,6 млн. теңге бағытталды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 85,6 % артық, материалдық-техникалық базаны нығайтуға — 366,7 млн. теңге.

Оқулықтармен қамтамасыз ету 100 % құрайды.

2020 — 2025 жылдарға арналған кешенді даму жоспары аясында Восточный кентінде 1200 орынға арналған орта мектептің құрылысы 2020 жылы басталды.

2021 жылы Степной кентінде 300 орынға арналған мектептің құрылысын бастау жоспарлануда.

Covid-19 пандемиясының кезеңі қашықтықтан оқытуды қолдану қажеттілігіне әкелді. Балалардың білім беру процесіне 100 пайыз қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін мектептер 1159 ноутбук сатып алды, облыстық бюджеттен 1047 планшет, 4378 ноутбук, жиынтығымен қоса 153 компьютер берілді, нәтижесінде компьютерлік техникамен қамтамасыз ету 1 компьютерге 4 оқушыны құрады. (жыл басында 9 оқушы болды, ел бойынша орташа 11 оқушы).

Қашықтықтан оқытуға 45 834 оқушы (51 мектеп) қамтылды, штаттық режимде — 1828 оқушы (15 мектеп).

3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 100 % құрайды.

Есепті жылы мектепке дейінгі ұйымдардың желісі үш жекеменшік балабақшаның («Асылым», «Аяла», «Алтын бала») ашылуы есебінен 306 орынға артты.

2020 жылы мемлекеттік білім беру тапсырысы 988,5 млн. теңгеге орналастырылды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 5,2 % артық.  

2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында 1190 орынға арналған 4 балабақша салу жоспарлануда: Бобровка кентінде – 320 орынға, Восход — 230 орынға, Қарағайлы тұрғын ауданында  2-інде — 640 орынға.

Денсаулық сақтау

Семей қаласы бойынша 2020 жылы қатерлі ісік ауруы халықтың 100 мың тұрғынына шаққанда 297,1-ден 244,7 жағдайға дейін 18 % төмендеді (1034-тен 855 жағдайға дейін); қатерлі ісіктердің кең таралған асқынған түрлерінің үлесі (III-IV кезең) 18,7-ден 16,8 жағдайға дейін 11 %; өлім-жітім – 100 мың тұрғынға шаққанда 144,2-ден 128,8 жағдайға дейін 11 %.

Туберкулезбен сырқаттану 100 мың тұрғынға шаққанда 54,1-ден 36,1 жағдайға дейін 33,3 % төмендеді. Туберкулезден болатын өлім-жітім 28,1 % (3,2-ден 2,3-ке дейін) төмендеді.

114 науқасқа 13 млн. теңгеге әлеуметтік қолдау көрсетілді.  

Коронавирустық инфекциямен сырқаттанудың алдын алу мақсатында медициналық ұйымдардың қызметі «Қазақстан Республикасының тұрғындары арасында коронавирустық инфекция ауруларының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы» Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулыларымен реттеледі.

Амбулаториялық-емханалық ұйымдарда үйде медициналық көмек көрсету, COVID-19  ПТР-тестке материал жинау үшін мобильді бригадалар құрылды.

Жалпы, Семей қаласында медициналық-санитарлық алғашқы көмектің 81 мобильді бригадасы құрылды, оған 67 дәрігер мен 112 орта медициналық қызметкер жұмылдырылды.

Бүгінгі күні МСАК мекемелерінде пациенттерге амбулаториялық деңгейде медициналық көмек көрсету үшін медициналық жабдықпен (рентген қызметі, зертханалық және диагностикалық қызметтер) кадрлық ресурстар бар.

COVID -19 диагностикасының ПТР тестілеу жедел медициналық жәрдем ауруханасының, № 2 қалалық аурухананың, in-Vitro, In-Vivo емханаларының, ҰСО зертханаларында жүргізіледі.

 Бүгінгі таңда жұқпалы аурулар стационарларының төсек-орын қоры 630 төсек–орынды құрайды – іс жүзінде жүктелімі 74 адам (11,7 %).

Қала стационарларында 73 ӨЖЖ аппараттары, оттегі концентраторлары — 196 дана бар.  

Семей қаласының қан орталығы коронавирустық инфекциямен ауырған адамдардың тізімін жасады, оған донорларды таңдаудың барлық критерийлері бойынша тексеруден өткен адамдар кіреді. Сақтауда иммундық плазманың 1228 дозасы бар.     

Өңірлік фтизиопульмонология және оңалту орталығындағы медициналық ұйымдарда, «Qaragaily» шипажайында ковидтен кейінгі оңалту жұмысы басталды.

Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында перинаталдық орталықтың № 2, 3 корпустарын, № 2 емхана ғимаратының                          3-корпусын, жертөлені және қоршауларын күрделі жөндеу бойынша жұмыстар жүргізілді.

Облыстық онкологиялық диспансердің радиологиялық орталығын салу бойынша жұмыстар аяқталды.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын көрсету мәселесі бойынша Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы 3 бағытта іске асырылуда:

Бірінші бағыт бойынша (Бағдарлама қатысушыларын техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамту) қалада 228 адам кәсіптік оқу курстарынан өтті, 686  адам кәсіптік техникалық білім алу үшін оқытылуда.

Екінші бағыт бойынша (жаппай кәсіпкерлікті дамыту) есепті кезеңде 1260,2 млн. теңге сомасында 140 шағын кредит берілді. Жалпы сомасы 121,121 млн. теңге болатын жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттарды 218 адам алды.

Үшінші бағыт бойынша (халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы еңбек нарығын дамыту және еңбек ресурстарының ұтқырлығы) тұрақты жұмыс орындарына 1359  адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 240 адам жұмысқа тұрды, жастар тәжірибесіне 293 түлек, қоғамдық жұмыстарға 956 адам жолданды.

Белгіленген еңбек нарығында жұмыссыздар саны 916 адамды құрады.

Атаулы әлеуметтік көмек 1 333,3 млн. теңге сомасында 13 210 аз қамтылған азаматтарға көрсетілді, 31,3 млн. теңгеге тұрғын үй көмегі 1262 алушыға төленді. 

Қалада ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Әрбір отбасыға тұрғын үйді сатып алудың жаңа мүмкіндіктері» атты алғашқы әлеуметтік бастамасын іске асыру бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. 2020 жылы 283 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, олардың арасында балалар үйінің 51 түлегі және 147 көпбалалы отбасы және 85 әлеуметтік осал отбасылар үй кілтін алды.

Көпбалалы отбасыларға тұрғын үй сатып алу үшін бастапқы жарнаға 1 млн. теңгеден тұрғын үй сертификаттарын ұсыну жолымен қолдау көрсетілді. Ол үшін облыстық бюджеттен 25 млн. теңге бөлінді.

Мәдениет

Мәдениет саласында 2020 жылы 25 іс-шара офлайн форматта, 85 іс-шара онлайн  өтті.

2020 жыл «Абай жылын» Нұр-Сұлтан қаласында «Астана Опера» театрында атап өтуден басталды, онда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Н. Ә. Назарбаев және еліміздің қазіргі Президенті Қ. К. Тоқаев  қатысты.

Абай атындағы театрда мәдениет пен өнердің көрнекті өкілдері, жерлестеріміз Медет Шотабаев, Жұпар Ғабдуллина, Гүлмира Сарина, Ерлан Рысқали және басқалардың қатысуымен концерт өтті. Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясы бойынша «Ғажайып трагедиясы» спектаклінің премьерасы өтті.

Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада аудиогид форматындағы «Ұлы Абайға адалдық» кітап көрмесінің тұсаукесері өтті.

900-ден астам қатысушыны біріктірген «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе», «Абай және адамзат құндылығы», «Аға сұлтан Құнанбай: аңыз бен ақиқат» атты интернет-конкурстар мен конференциялар өткізілді.

Онлайн режимінде кездесулер Денизли қаласындағы Памуккале университетінің (Түркия) қазіргі түркі диалектілері мен әдебиеті кафедрасының профессоры Нергис Бираймен; театр мен кинода Абайдың рөлін сомдаған  актерлермен (халық әртісі Бекен Имаханов; Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің кавалері Тілектес Мейрамов; «Талдықорған қаласының құрметті азаматы», «Ерен еңбегі үшін» құрмет медалінің иегері Сағындық Жұмаділ) ұйымдастырылды.

Абайдың «Жидебай-Бөрлі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің аумағында «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткіші орнатылды. Ескерткіш пен барельефтің авторы — сәулетші Нұрбол Мейрамұлы Қалиев.  

Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай «Абай әлемі» топтамасы аясында 23 мың данадан тұратын жинақ және белгілі жазушылардың 22 кітабы жарық көрді.  

Дене шынықтыру және спорт

Қалада спорттың 65 түрі тараған, оның ішінде 25 олимпиадалық түрі. Футбол, волейбол, грек – рим күресі, дзюдо, еркін күрес, шайбалы хоккей және тағы басқа спорт түрлері белсенді дамып келеді.

Қалада жыл сайын спорттық ғимараттар саны артып келеді, 2019 жылғы 390 бірлікпен салыстырғанда 2020 жылы олардың саны 392 объектіні құрады.

2020 жылы Әуезов даңғылында және Абай алаңында «Street Workout» 2 алаңы орнатылды.

«Менің аулам» бағдарламасы аясында Абайдың 175 жылдығын атап өту аясында басқа облыстардың бюджеттері есебінен 9 спорт алаңы пайдалануға берілді.

2020 жылы біздің 10-нан астам жерлестеріміз Әлем, Азия Чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері  болды. Елдің 50-нан астам құрама мүшелері дайындалды.

Коронавирустық пандемия жарияланғанға дейін қалада 35 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізілді, қала құрама командаларының спортшылары 27 облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысты.

Карантиндік шаралардың қабылдануымен барлық спорт жарыстары (республикалық жарыстардан басқа) тоқтатылды.

Құқықтық тәртіп және қоғамдық-саяси ахуал

Криминогендік жағдайды тұрақтандыру, қылмысқа қарсы күресті күшейту, заңдылық пен азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау бойынша белсенді шаралар қабылдануда.

Есепті жылы 2019 жылмен салыстырғанда тіркелген қылмыстардың жалпы саны 21,9 % (4831-ден 3775-ке дейін), қоғамдық орындарда жасалған – 35,5 % (1698-ден 1095-ке дейін), көшеде жасалған – 41,8 % (801-ден 466-ға дейін), кәмелетке толмағандар жасаған  — 12,5 % (32-ден 28-ге дейін), бұрын жасағандар саны – 29 % (1446-дан 1026-ға дейін) төмендегені байқалады.

Жалпы қылмыстың ашылуы 46,8-ден 56,2 %-ға, оның ішінде аса ауыр қылмыстардың ашылуы 82,9 %-дан 95 %-ға артқан.