2020 жылы «Рухани Жаңғыру» Шығыс Қазақстанның аймақтық бағдарламасына Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай бірқатар жүйелі жобалар енгізілді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен келесі жылдың қаңтарынан бастап мектептердің 5-8 сыныптарында және педагогикалық колледждерде «Абайтану» элективті курсы, ал жоғары білім беру жүйесінде 1-4 курс студенттері үшін «Абай және XXI ғасыр» элективті курсы енгізілетін болады.
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті Абай мен оның оқушыларының шығармашылық мұрасын профессор, абайтанушы А.С. Еспенбетовтің редакциясымен басып шығару бойынша «Хакім Абай» жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің бастамасына орай жазушы Медеу Сәрсекенің редакторлығымен қолға алынған «Абай әлемі» кітап сериясымен Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Федор Достоевский, Төлеу Көбдіков, Марат Қабанбаев, Медеу Сәрсеке, Анатолий Иванов, Борис Щербаков, Жарқын Шәкәрім сынды авторлардың 16 кітабы жарық көрген болатын.
Биыл Шығыс Қазақстан облысында «Абай әлемі» жобасымен 12 кітап 6500 таралыммен шығатын болмақ. Бұл туралы кеңейтілген аппарат кеңесінде облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова баяндады. Облыс әкімі Даниал Ахметовтың қолға алуымен «Абай әлемі» сериясынан жас ақындардың шығармалары жыл соңына дейін жарық көретін болған-ды. Бұл «Жастар жылы» аясындағы өңірімізде жасалған рухани келелі іс болмақ.
Жастар жылына орайластырылған төрт кітап авторлары: Бауыржан Игілік, Мерей Қарт, Қызырбек Дүргінбайұлы, Александр Мещеряков, деді Әсем Нүсіпова. Оның айтуынша, өңірдегі үлкен қаламгерлерден Нұрлыбек Баймұратов, Қалихан Алтынбаев, Станислав Черных, Тыныштықбек Әбдікәкімұлының кітаптары да басылады.
Сондай-ақ, биыл 2019 жыл «Жастар жылы» болғандықтан Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі бірқатар шараларды жүзеге асырды. Сол шаралардың жалғасы — Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Мұтылғанның тағдыры» атты сайыс. Аталмыш шараға Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен ашылған жастар жылының салтанатты рәсіміне қатысқан жерлесіміз, жас ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Мерей Қарт білім сайысының құрметті қонағы ретінде қатысып, жастарға өзінің ақжарма тілегін жеткізді, сондай-ақ, үміттерін үкілеп келіп отырған сайыскерлерге сәттілік тіледі.
Дәстүрге айналған дүбірлі сайысты өткізудегі басты мақсат – Абайдың ақын шәкірті, жазушы, тарихшы, аудармашы, философ, сазгер Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірін, оның мұрасын жасөспірімдер арасында терең білуге ынталандыру және кеңінен насихаттау еді. Сайысқа алдын-ала тағайындалған әділ қазылар құрамында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары М.Қайрамбаева, Шәкәрім атындағы гиназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Бекқасымов, қалалық білім бөлімінің әдіскері Н.Байсарина болды.
Раушан Қабжанқызы