Абай облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан өңір ұстаздарымен кездесіп, жаңа оқу жылындағы басым бағыттар туралы сұхбат берді.
Вице-министрдің айтуынша, 2025–2026 оқу жылынан бастап еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында, соның ішінде жекеменшік мектептерде де тәрбие жұмысы «Адал азамат» атты бірыңғай бағдарлама негізінде жүргізілетін болады.
Бұл – бұған дейін іске асырылған «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының жалғасы. Дегенмен мазмұны жаңартылып, Мемлекет басшысының «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» идеологиялық қағидасымен үндестірілді, – деді Еділ Оспан.
Бағдарламаның үйлестірушісі Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының мәліметінше, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 2025 жылғы 26 мамырдағы №123 бұйрығымен бағдарламаның жаңа атауы ресми түрде бекітілген. Бағдарламаның мақсаты – адал, еңбекқор әрі елжанды азамат тәрбиелеу.
Сонымен қатар тәрбие жүйесі жалпыұлттық құндылықтарға сүйене отырып, мектеп, ата-ана және қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталмақ.
Еділ Сабырұлы сұхбат барысында тағы бір маңызды бастамаға тоқталды. Оның айтуынша, жаңа оқу жылынан бастап мектептер мен колледждерде «ДосболLIKE» атты бағдарлама жүзеге асырылады.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – балалар мен жеткіншектер арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жасөспірімдердің құқығы мен мүддесін қорғау әрдайым мемлекет назарында болады, – деді вице-министр.
Абай облысына сапары аясында айтылған жаңа бастамалар білім беру ұйымдарында біртұтас тәрбиелік ортаны қалыптастыруға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негіз болмақ.