• 21 августа, 2025

Семейде 287 ішек инфекциясы тіркелді

Авг 21, 2025

Абай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, Семей қаласында ағымдағы жылдың қаңтар–шілде айлары аралығында ішек инфекциясының 287 жағдайы анықталды.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы СЭБД Семей қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Шыңғыс Чокушев хабарлады. Оның айтуынша, тіркелген жағдайлардың басым бөлігі жекелеген оқиғаларға жатады.

Қаладағы мектептері мен балабақшалар асханаларында топтық улану фактілері тіркелмеді. Дегенмен жаз мезгілінде тамақтан улану деректері жиілейтіні белгілі. Бұған ауа температурасының жоғарылауы, микроорганизмдердің тез көбеюі және бақша дақылдарының пісіп-жетілу кезеңі әсер етеді. Көкөніс пен жемістерді жумай жеу немесе тағамды өңдеусіз пайдалану балалар мен ересектер арасында инфекцияның көбеюіне әкеледі, — деді спикер.

Мамандардың айтуынша, қаладағы білім беру ұйымдарының асханалары мен қоғамдық тамақтану нысандарына қатаң бақылау орнатылған. Жыл басынан бері құс өнімдері мен кремді тағамдар дайындайтын кәсіпкерлерге арналған 3 семинар, сондай-ақ базарларда «Тамақтан уланудың алдын алу» тақырыбында 6 акция ұйымдастырылды. Сауда орындарында 400-ден астам көрнекі құрал таратылып, өнімдердің сапасы зертханалық тексерулерден өткізілді.

Тексеру барысында кейбір тағамдардың сақтау шарттары талапқа сай еместігі анықталды. Бұл тағам арқылы жұғатын аурулардың негізгі көзі болып табылады, — деді басқарманың жетекші маманы Дана Төленді.