Жақында елімізде әскери қызметке шақыру жүйесі цифрландырылып, рәсім толықтай автоматтандырылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Абай облысы Қорғаныс істері департаментінің басшысы Руслан Омаров мәлімдеді.
Оның айтуынша, алдағы уақытта әдеттегі қағаз түріндегі шақыру болмайды. Барлық хабарламалар SMS немесе eGov порталындағы жеке кабинет арқылы жеткізіледі. Егер азамат бұған мән бермесе, мәселе Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс аясында шешілмек.
Әскерге шақырылушыларға шақыру туралы хабарламалар SMS-хабарлама немесе eGov порталындағы жеке кабинет арқылы жеткізіледі. Бұрынғыдай жергілікті әскери басқару органына барып, құжат өткізу қажеттілігі болмайды. Бұл өзгеріс әскерге шақыру науқанының ашықтығын арттырып, халыққа қолайлы жағдай жасауға бағытталған, – деді департамент басшысы.
Сонымен қатар жаңа заңда әлеуметтік жеңілдіктер де қарастырылған. Әскер қатарында борышын өтеген азаматтар ҰБТ нәтижелеріне қарамастан ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсе алады, колледждерге бөлінген квоталарға қатысады және «Сарбаз 2.0» ақпараттық жүйесі арқылы тегін грант иегері бола алады. Бұдан бөлек, сарбаздар конкурстан тыс жоғары оқу орындарының әскери кафедраларына қабылданады.
Әскери қызмет үшін кейінге қалдырудан бас тартқан студенттерге грантты жоғалтпай, академиялық кезеңде оқуын жалғастыру мүмкіндігі беріледі.
Аталған заң 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап күшіне енеді.