Семей қаласында дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша екі күндік семинар өтті.
2025 жылғы 14–15 тамызда Семей қаласында, Әлихан Бөкейханов атындағы Университеттің мәжіліс залында діни сауаттылықты арттыру, экстремизм мен радикализмнің алдын алу, сондай-ақ деструктивті діни ағымдардан зардап шеккен азаматтарға психологиялық көмек көрсету тақырыптарына арналған екі күндік семинар өтті.
Іс-шараға дін саласының мамандары, мемлекеттік және қоғамдық ұйым өкілдері, білім беру мекемелерінің қызметкерлері қатысты. Семинардың басты мақсаты — қоғамда дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту, жастардың діни сауаттылығын көтеру және радикалды идеологияларға қарсы иммунитет қалыптастыру болды.
14 тамыз күні семинарда «Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығы» КММ директоры, реабилитациялық бағдарламалар бойынша ұлттық сарапшы Гүлназ Раздыкова «Религиозная грамотность как фактор профилактики экстремизма и радикализма» және «Особенности работы с молодежью в религиозной сфере: язык, подходы, ценности» тақырыптарында мазмұнды дәрістер оқыды. Қатысушылар діни сауаттылықтың маңыздылығы, жастармен тиімді коммуникация орнату әдістері және діни сенім аясындағы құндылықтарды жеткізу тәсілдерімен танысты.
15 тамыз күні психолог маманы Светлана Новикова «Психологические методы и техники для работы с лицами, пострадавшими от воздействия деструктивных религиозных течений» тақырыбында бірқатар тәжірибелік сабақтар өткізді. Тыңдаушылар психологиялық қолдау көрсету, сенім арту атмосферасын қалыптастыру және зардап шеккен адамдардың әлеуметтік бейімделуіне көмектесудің тиімді әдістерін үйренді.
Семинар барысында пікір алмасу алаңы ұйымдастырылып, қатысушылар нақты жағдайларға қатысты сұрақтар қойып, сарапшылардан кәсіби кеңестер алды. Қорытындысында, шараға қатысушылар бұл семинардың өз қызметтерінде және күнделікті өмірде маңызды әрі пайдалы екенін атап өтті.