• 22 августа, 2025

Семейде «Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау» тақырыбында халықаралық ғылыми тәжірибелік конференция өтті

Авг 22, 2025

Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған конференцияға облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстан Республикасының Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов, Қазақстан Республикасының Парламент Сенатының депутаты Айнұр Арғынбекова қатысты.

Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген аймақ басшысы маңызды шара аясында ғалымдар мен сарапшылардың ой-пікірлері құқықтық мәдениетті арттыру және заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытындағы ізденістерге тың серпін беретінін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ата заң – мемлекеттілігіміздің берік тұғыры, еліміздің дәйекті әрі тұрақты дамуының мызғымас кепілі. Мемлекет пен қоғам өмірінің негізін айқындайтын Конституцияда азаматтардың мүддесіне, құқығы мен бостандығына айрықша назар аударылған. Сондықтан Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан барлық ауқымды өзгерістің мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсарту», – деп атап өткен болатын. Конституция – тәуелсіздігіміздің темірқазығы. Біздің мемлекетіміздің саяси, құқықтық және әлеуметтік негізін айқындап, халқымыздың еркін таңдауының көрінісіне айналды. Абай облысы – еліміздің рухани орталығы, Алаштың астанасы. Жуырда ғана ауқымды әрі лайықты деңгейде 180 жылдығын өткізген ұлы Абайдың әділет, теңдік, адам құқығы жөніндегі терең ойлары бүгінгі демократиялық қоғамымыздың құндылықтарымен үндесіп, үйлесім тауып отыр. Бұл да біздің Ата Заңымыздың өміршеңдігін айғақтайтын тағы бір дәлел. Бүгінгі конференцияның жұмысына табыс тілеймін! – деді облыс әкімі.

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев конференцияның Абай облысында өтуі символдық мәнге ие екенін айтты.

Бұл өңір – халқымыздың рухани байлығын қалыптастырған қасиетті жер. Сонымен қатар биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын атап өтудеміз. Ұлы Абайдың «Әділет, шапқат кімде бар, Сол жарасар туғанға» деген сөзі бүгінгі күнге дейін өзекті. Ол айтқан «Толық адам» – өз құқығын білетін, заңға бағынатын, әділетті тұлға. Әділет министрлігі осы бағытта азаматтардың құқықтарын қорғау, құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша елеулі жұмыс атқарып келеді, – деді министр.

Конференция барысында Өзбекстанның Заңнама және құқықтық саясат институтының профессоры Гулчехра Маликова бейнебайланыс арқылы баяндама жасады. Сонымен қатар еліміздің түкпір-түкпірінен келген заң саласының мамандары, ғалымдар, профессорлар мен адвокаттар конституциялық құқықтарды қорғау, заңнаманы жетілдіру және құқықтық институттардың дамуы бойынша өз ой-пікірлерін ортаға салды.