• 6 августа, 2025

Семейде өтетін республикалық айтысқа Абай облысынан 4 ақын қатысады

8 тамыз күні Семей қаласында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Адамзаттың Абайы» атты республикалық ақындар айтысы өтеді.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Олжас Соғымбай хабарлады.

Айтыс қазақтың дәстүрлі сөз өнерін дәріптеп, Абай мұрасын жаңа қырынан танытуды мақсат етеді. Шара аясында еліміздің түкпір-түкпірінен келген танымал айтыскерлер бас қосып, шеберлік пен терең мазмұн жағынан жоғары деңгейдегі сөз сайысын өткізбек.

— Айтыс жеңімпаздарына лайықты жүлде қоры қарастырылған. Бас жүлде – автокөлік. І орын алған ақынға – 3 миллион теңге, ІІ орын иегерлеріне – 1,5 миллион теңгеден, ал ІІІ орын алған екі ақынға – 1 миллион теңгеден табысталады. Барлық қатысушыларға 500 мың теңгеден ынталандыру сыйлығы беріледі, — деді Олжас Соғымбай.

Айтыс Семей қалалық театр сахнасында өтеді. Көрермендерге ыңғайлы болу үшін театр ғимаратының алдына LED экран орнатылып, тікелей трансляция ұйымдастырылады.

Сөз бәйгесінде Абай облысының намысын төрт жүйрік ақын қорғайды: Рүстем Қайыртай, Әсем Ережеқызы, Айбек Жеңісқазин және Қуандық Кенжебекұлы.

— Қатысушылар арасында “Алтын домбыра” мен “Асыл домбыра” иегерлері бар. Бұл – тартысты әрі мазмұнды айтыс болатынын аңғартады, көрермен нағыз өнер мен өрліктің куәсі болмақ, — дейді Қуандық Кенжебекұлы.

Айтыстың қазылар алқасы құрамына елге танымал ақындар мен мәдениет қайраткерлері енген. Атап айтқанда, әділқазылар қатарында ақын, журналист Төлеген Жанғалиев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сауытбек Абдрахманов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Қалқаман Сарин және айтыскер ақындар мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Абай облысы филиалының төрағасы Дәулет Сметов бар.