Ертіс жағалауында «Семей батыры» атты күштік экстрим бойынша ашық турнир ұйымдастырылды. Биылғы жарыстың ерекшелігі – оған еліміздің барлық облыстарынан спортшылар қатысып, өз бақтарын сынады.
Жарыс бірнеше кезеңнен тұрады. Қатысушылар 70 келілік ауыр қапты көтеріп жүру, зерхерді барынша ұзақ ұстау, 32 келі тартатын гір тасын жұлқа көтеру, мойнына 50 келі бөрене қойып отырып-тұру сияқты күрделі сынақтардан өтпек.
Сонымен қатар, олар ауыр дөңгелекті аударып, 70 келіден тұратын екі гантельмен фермерлік серуен жасап, соңында автобус сүйрейді. Бұл – спортшылардың шыдамдылығы мен күшін талап ететін нағыз батырлар сайысы болмақ, — деп атап өтті Абай облысы Семей қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының м.а. Қуат Исажанов.
Жарыс нәтижесінде жеңімпаз атанған палуандар бағалы сыйлықтармен және қаржылай сыйақымен марапатталды.