• 31 мая, 2025

Үржар ауданында 10-нан астам ауылға жол белгілері орнатылмақ

Май 30, 2025

Былтыр аудан бойынша автомобиль жолдарын жөндеу және көлік инфрақұрылымын жақсартуға ерекше көңіл бөлінді.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Үржар ауданының әкімі Ақылбек Башимбаев баяндады.

Аудандағы жалпы ұзындығы 498 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарының 210 шақырымы республикалық, 288 шақырымы жергілікті маңызы бар жолдар. Өткен жылы жалпы 30 шақырымнан астам жол жөнделді. Оның ішінде Үржар, Қарақол, Шолпан ауылдарының кіреберіс жолдары және бірқатар ауылішілік көшелер орташа жөндеуден өтті. Сонымен қатар, «Үржар–Барқытбел–Қарабұйрат» бағытындағы жолды жөндеу жұмыстары аяқталды. Ағымдағы жылы да жол жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жергілікті маңызы бар «Жоғарғы–Егінсу» бағытындағы жолды жөндеу жоспарланып отыр, – деді аудан әкімі.

Сондай-ақ, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Ақжар, Жаңа Тілек, Жанай және Қарақол ауылдарындағы ұзындығы 14 шақырымды құрайтын 18 көшеге орташа жөндеу жұмыстары басталады. Конкурс нәтижелері бойынша бірқатар жобаларға мердігерлер анықталды. Бұдан бөлек, ағымдағы жөндеу жұмыстары ауданның бес елді мекенінде (Үржар, Қазымбет, Ер Қабанбай, Қарамойыл, Көкөзек) және Сағат ауылына баратын жолда жүргізілмек.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Үржар, Ақжар, Науалы және тағы басқа 10-нан астам ауылға жол белгілерін орнату жұмыстары қолға алынуда. Бүгінде мердігерлер бекітіліп, қажетті материалдарды дайындау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Үржар ауылындағы Абай мен Абылайхан көшелерінің қиылысына бағдаршам орнату жұмыстарына конкурс жарияланып, мердігер анықталуда.