Биыл 1 тамыз бен 20 қазан аралығында елімізде Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өткізіледі.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Берік Терлікбаев мәлімдеді.
Ауыл шаруашылығы санағы – еліміздің аграрлық секторының құрылымы, ресурстары және жай-күйі туралы өзекті әрі сенімді деректерді жинауға бағытталған ауқымды статистикалық байқау. Санақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ҚР Үкіметінің шешімімен өткізіледі. Мерзімі – 2025 жылғы 1 тамыздан 20 қазанға дейін. Уақыт ауыл шаруашылығы маусымының ерекшеліктері мен ауыл шаруашылығы жылының қорытындылары ескеріліп таңдалған, – деді спикер.
Берік Терлікбаевтың айтуынша, санаққа дайындық жұмыстары 1,5 жыл бұрын басталған. Үкімет деңгейінде арнайы комиссия құрылып, қажетті нормативтік-құқықтық база бекітілді. Сонымен қатар, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен (ФАО) және Латвия, АҚШ, Польша, Ресей, Өзбекстан, Ұлыбритания, Грузия елдерінің статистика органдарымен тәжірибе алмасу мақсатында бірлескен консультациялық кездесулер өткізілген.
Екі кезеңнен тұратын санақтың бірінші кезеңі 2025 жылғы 1–31 тамыз аралығында өтеді. Бұл кезеңде sanaq.gov.kz порталы арқылы онлайн-сауалнама жүргізіледі. Заңды тұлғалар, фермер қожалықтары және үй шаруашылықтары жүйеге ЭЦҚ, QR-код немесе SMS арқылы тіркеліп, сауалнаманы өз бетінше толтыра алады. Ал екінші кезеңде, 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында, интервьюерлер үй шаруашылықтарын аралап, онлайн режимінде сауалнамаға қатыспаған респонденттерден ақпарат жинайды.Санақ алдындағы дайындық аясында 2025 жылғы 1–30 маусым аралығында Аягөз, Шар және Курчатов қалаларында жеке қосалқы шаруашылықтарды аралау (листинг) жұмыстары ұйымдастырылады. Бұл кезеңде сауалнамаға жататын нақты үй шаруашылықтарының тізімі жасақталады. Абай облысы бойынша 65 412 үй шаруашылығы мен 11 059 ауыл шаруашылығы өндірушісі санаққа қамтылады деп жоспарланған. Сонымен қатар, санақ жүргізуге 148-ден астам интервьюер тарту көзделіп отыр, — деп қорытындылады департамент басшысы.