Құрбан айт мерекесі 6 маусымда басталады.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы баяндады.
Біз қазір қажылық айы болып саналатын қасиетті Зулхижжа айында отырмыз. Бұл айдың алғашқы он күні ерекше сауапты күндер болып табылады. Сондықтан, бұл күндері барынша ынтамен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысқан абзал. Сондай-ақ, 5 маусым Арапа күніне сәйкес келеді. Құрбан айтқа тоқталсақ, Абай облысы бойынша Айт намазы 6 маусым күні сағат 07:00-де оқылатын болады. Құрбан айт намазынан кейін үш күн Айттың ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет, — деп атап өтті бас имам.
Биыл өңірімізде мал бағасының қымбаттауына байланысты ешкі бағасы – 45 мың, қой – 80 мың, ал, ірі қара мал бағасы — 560 мың теңге болып бекітілді. Ал, қасапшы еңбегі, қасапхана ақысы, етті жіліктеп дорбаларға салып беру, мұқтаж отбасыларға тарату қызметтері мешіт қызметкерлері тарапынан тегін атқарылатын болады.
Бұл қасапханалардың жанында Зекет және қайырымыдылық қоры Абай облыстық филиалының ұйымдастыруымен Құрбандыққа жарамды қой, ешкі, сиыр малдары әкелінеді. Сонымен қатар, Мұқтаж жандар базасы бекітіліп, алдын-ала өтініштер қабылданды. Құрбандық еттері әр күн сайын бекітілген уақыттарда, алдын ала хабар беру арқылы сол адамдарға реттілікпен табысталады, — деді спикер.
Құрбандық шалу үшін санитарлық талаптарға сай мал соятын арнаулы орындар тағайындалған. Толығырақ Абай облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау Департаменті тамақтану объектілерін бақылау бөлімінің басшысы Айгерім Мұсатаева баяндады.
Құрбан айт мерекесіне байланысты Семей қаласы аумағында мал сату және құрбандық шалу үшін арнайы рұқсат етілген орындар белгіленді. Тірі малдар СЛО «Северный», СЛО «Jolaman» және «SAIKAN AGRO» ЖШС базарларында сатылатын болады. Құрбандыққа шалынатын малдар тек ветеринарлық құжаттары бар, санитарлық талаптарға сай бекітілген нүктелерде – «SAIKAN AGRO» ЖШС, ТОО «Семей вет», СЛО «Jolaman» қасапханаларында сойылады. Үй жағдайында тағам дайындау кезінде азық-түліктің жарамдылық мерзіміне, санитариялық тазалыққа және термиялық өңдеуге ерекше мән берген жөн. Бұл талаптардың орындалмауы тұрғындар арасында жіті ішек инфекциялары мен тамақтан улану жағдайларына әкелуі мүмкін, — деді бөлім басшысы.