• 30 мая, 2025

Астана мен Масқат қосарланған салықтан сақтандыратын келісімге қол қойды

Май 29, 2025

Астана халықаралық форумы аясында Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Мәди Такиев Оман Сұлтандығының Қаржы министрі Сұлтан бен Сәлім әл-Хабсимен кездесті.

Оның барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін талқылады, сонымен бірге мемлекеттік қаржыны басқару бағытындағы ведомствоаралық қатынастарды дамыту мен екіжақты әріптестік шеңберіндегі басқа да мәселелер туралы пікір алысты.

Мәди Төкешұлының айтуынша, Қазақстан Оман Сұлтандығымен өзара 
іс-қимылдың стратегиялық сипатын жоғары бағалайды және тиімді қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға дайын.

Кездесудің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оман Сұлтандығының Үкіметі арасында табыс пен капиталға салынатын салыққа байланысты қосарланған салықтан сақтандыратын, сондай-ақ салықтан жалтаруға жол бермеу туралы келісім мен осыған қатысты хаттамаға қол қойылды.

Аталған келісім салық ісінде заңнамалық негізді қалыптастыруға септесіп, кірістерге байланысты қосарланған салықтың алдын алып, осы арқылы екі мемлекеттің арасында тығыз экономикалық байланысты арттыруға жол ашады.