Абай облысы Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжінде «Құрылыс өнері – The art of building» халықаралық фестивалі алғаш рет ұйымдастырылды. Шара Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы өңірлік жоспарға сәйкес, Абай облысының білім басқармасы мен «TALAP» КЕАҚ қолдауымен өткізілді.
Фестивальға жалпы саны 2000-ға жуық қатысушы, оның ішінде 1200 адам онлайн, 16 облыстан 500 адам офлайн қатысып, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ең өзекті жаңалықтармен танысты.
Фестивальдің мақсаты – құрылыс саласындағы жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің жетістіктерін көрсету, кәсіби құзыреттерді дамыту және серіктестік байланыстарды нығайту болды.
Іс-шара аясында:
- Құрылыс саласына арналған форсайт-сессия өтті. Оған Германия, Ресей және Қазақстанның түрлі өңірлерінен сарапшылар қатысты.
- «Хай-тек стиліндегі үй» халықаралық байқауының жеңімпаздары марапатталды.
- WorldSkills Kazakhstan бас сарапшылары құрылыс мамандықтары бойынша шеберлік сабақтар өткізді.
- Құрылыс индустриясындағы отандық компаниялар мен серіктестер жаңа технологиялар мен материалдарды таныстырды.
Сонымен қатар осы фестиваль аясында республикалық кәсіби шеберлік конкурсы өтеді. Бұл байқау екі күнге жоспарланған, оған педагогтер құрылыс саласы бойынша үш құзыреттілік аясында қатысып, өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетеді. Жабылу және марапаттау рәсімі 30 мамыр күні өтеді.
Фестивальға құрылыс саласының мамандары, колледж оқытушылары, бизнес өкілдері, сондай-ақ әлеуметтік серіктестер жиналды.