• 1 июня, 2025

Абай облысында балалардың қатысуымен «Балалар үні» дөңгелек үстелі өтті

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Абай облысында «Бала әл-ауқаты – мемлекеттің қамқорлығы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараға облыстық білім басқармасының өкілдері, балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уәкіл, білім саласының ардагерлері, қоғам белсенділері, балалар қозғалысының көшбасшылары мен оқушылар қатысты.

Сонымен қатар облыстың барлық аудандарынан 100-ге жуық бала онлайн форматта қосылды.

Дөңгелек үстелдің басты ерекшелігі – іс-шараны балалардың өздері жүргізіп, еркін пікір алмасуға мүмкіндік алды. Шара барысында бала құқығы, қауіпсіздігі, тәрбиесі, бақытты балалық шақтың маңызы секілді өзекті тақырыптар көтерілді. Оқушылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстары мен тілектерін білдірді.

Сонымен қатар, шара аясында блиц-сауалнама ұйымдастырылып, қатысушылар «Бала құқығы деген не?», «Бақытты балалық шақ деген не?», «Балалар омбудсмені кім?», «Бүкіл әлем балаларына не тілер едің?» деген сұрақтар төңірегінде ой бөлісті. Балалар мен ересектер сауалнамаға қызығушылықпен қатысып, өзара пікір алмасты.

Аталған бастама – балалардың үнін есту, олардың ойымен санасу және қоғамдық пікірге ықпал етуге мүмкіндік беру бағытында жасалған маңызды қадам болды.