Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Алексей Штыкельдің мәліметінше, 2022 жылдан бастап өңірде балалардың терезеден құлауына байланысты 32 жағдай тіркелген.
Оның үшеуі – биылғы жылы орын алған.
Бұл оқиғалар көбіне ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы және жиһаздың терезе маңына дұрыс қойылмауы салдарынан орын алады. Мұндай жағдайлар Қылмыстық кодекстің 119-бабы – «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін іс-әрекет» бойынша қарастырылуы мүмкін, – деп атап өтті Алексей Штыкель.
Терезе қауіпсіздігіне қатысты талаптар қолданыстағы техникалық регламенттер мен құрылыс нормаларында нақты белгіленген. Биылдың өзінде 1 500-ден астам адамды қамтыған түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Мамандар ата-аналарды балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырып, терезе маңында қорғаныш торлар орнату сынды қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.