• 1 июля, 2025

Суармалы жерлерді тиімді пайдалану – басты мақсат

Май 15, 2025

Ақсуат ауданында 2025 жылдың көктемгі егіс жұмыстары жоспарға сай қарқынды жүргізілуде. Ауданда жалпы көлемі 14 мың гектар егістік жер телімі болса, соның 8220 гектары суармалы егістік ретінде игерілуі көзделіп отыр. Бұл көрсеткіш өткен 2024 жылмен салыстырғанда 632,8 гектарға артық, яғни 8,3 пайызға өсіп отыр. Өсім – аудан шаруашылықтарының жыл сайынғы жүйелі еңбегінің нәтижесі.

Биылғы жылы суармалы егістіктің құрылымы әртараптандырылып, келесідей дақылдар егілуде 505 гектар – дәнді дақылдар, 300 гектар – майлы дақылдар (тамшылатып суару әдісі арқылы),168 гектар – картоп,153 гектар – көкөніс,150 гектар – бақша дақылдары, 421 гектар – жоңышқа, 6490 гектар – өткен жылдан келе жатқан көпжылдық шөптер алқабы.

Бұл көрсеткіштер аудан шаруашылықтарының мал шаруашылығына қажетті азық базасын нығайту, ауыл шаруашылығы өнімдерін әртараптандыру бағытындағы жұмыстарын көрсетеді.

Ағымдағы жылы көктемгі егіс науқанына аудан бойынша 125-ден астам шаруашылық құрылымы қатысып, 250 жұмысшы жұмылдырылған. Егіс жұмыстарына 31 Газ-53 жүк көлігі, 86 бірлік әртүрлі маркалы тракторлар және арнайы сепкіш, соқа, тырма техникалары тартылды. Тракторлардың ішінде, 1 бірлік К-700, 15 бірлік МТЗ-1221, 4 бірлік ДТ-75, 35 бірлік МТЗ-80/82, 31 бірлік ҚХР өндірісінің тракторлары бар.

Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 75 тонна дизель отынының 51,9 тоннасы (70%) «Госагро.кз» порталы арқылы электронды өтінім беріп жеткізілсе, қалған 23,1 тоннасы (30%) – шаруа қожалықтары тарапынан нарықтағы тиімді бағамен алынған. Дизель отыны Аякөз қаласындағы «Петроретайл» ЖШС мұнай базасынан орташа 254 теңге бағамен босатылуда.

Қазіргі уақытта аудан бойынша 2300 гектар суармалы егістікте ылғал жабу жұмыстары 100% орындалып, алқаптар толық жыртылған. Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін 400 гектарға – дәнді дақыл, 600 гектарға – көпжылдық шөп (жоңышқа),150 гектарға – картоп, 153 гектарға – көкөніс, 150 гектарға – бақшалық дақылдар егілді. Алдағы күндері 300 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен майлы дақыл – күнбағыс егу жұмыстары жоспарлануда.

«Көктемнің бір күні жылға азық» демекші, жауапты жұмыстар уақытында аяқтауды жоспарлауда. Аудан әкімдігі барлық ауылдық округ әкімдеріне егіс жұмыстарын ауа-райының қолайлы күндерін тиімді пайдаланып, сапалы әрі уақытында аяқтауды тапсырды. Көктемгі дала жұмыстары – ауданның азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін арттырудағы басты фактор.

Аудан шаруашылық құрылымдары жыл сайын өз иелігіндегі суармалы егістікті тиімді игеруге күш салып келеді. Әсіресе, мал азығына қажетті көпжылдық шөптер – жоңышқа мен житняк егістігі басты басымдық ретінде қарастырылып, еңбекқор шаруалар жыл сайын суармалы егістік көлемін ұлғайтып, ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосып келеді.