• 8 мая, 2025

Абай облысының Семей қаласында заңсыз жанармай құю станциясының қызметі тоқтатылды

Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мен Семей қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері жоспардан тыс жүргізілген салықтық тексеру барысында қалалық кәсіпорындардың бірінің аумағында салық органдарында тіркеусіз жұмыс істеген жанармай құю станциясының заңсыз кәсіпкерлік қызметі фактісін анықтады.

Тексеру барысында 19 миллион теңгеден астам бағаланған 70 тоннадан асатын мұнай өнімдері айналымнан алынды.

Тіркеу қызметінсіз жүзеге асыру фактісі бойынша салықтық тексеру материалдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жауапкершілікке одан әрі тартыла отырып, процестік шешім қабылдау үшін Абай облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жіберілді.

Мұнай өнімдері саудасының тіркелмеген объектілері  өңірдің және тұтастай алғанда елдің экономикасына елеулі залал келтіреді. Олар бюджетке салықтардың түспеуіне әкеліп қана қоймайды, сонымен қатар нарықтың заңды қатысушылары үшін жосықсыз бәсекелестік туғызады, сондай-ақ азаматтар мен қоршаған ортаның қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін, өйткені мұндай ЖМҚС қызметі көбінесе белгіленген нормалар мен талаптарға сәйкес келмейді.

Айта кету керек, 2025 жылы мемлекеттік органдардың қызметкерлері акцизделетін өнімнің заңсыз айналымына қарсы күреске бағытталған 66 тексеру жүргізді, оның нәтижелері бойынша алкоголь өнімінен — 3 338 литр, контрафактілі темекі өнімінен — 26 459 қорап темекі, мұнай өнімдері – 1111, 285 тонна алынды.

Салынған айыппұлдар сомасы 10,6 млн. теңгені құрады.

Бұдан басқа, сот шешімі бойынша 19,8 тонна мұнай өнімдері тәркіленді. Бір кәсіпорын бойынша материалдар сотта қаралуда.

Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық заңнамасының сақталуын және мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғауды қамтамасыз ете отырып, осындай құқық бұзушылықтарды одан әрі белсенді түрде анықтап, жолын кесуге ниетті.