Қазақ даласының кең байтақ өлкелері қаншалықты тыныш әрі бейбіт көрінгенімен, оның терең тарихында сан түрлі күрестер мен ауыр сынақтар жатыр. Семей — тарихтың тынысы үзілмеген, талай ұрпақтың үміті мен күресін арқалап келген киелі мекен.
Алайда ХХ ғасырдың басында бұл өңірде тыныштықтың орнына дүрбелең, әділетсіздік пен зорлық-зомбылық жайлады. Кеңестік билік күшпен жүргізген ұжымдастыру саясаты халықтың қолындағы мал-мүлкінен айырып, ғасырлар бойы жалғасқан ата кәсібін бір сәтте жойып жіберді. Соның салдарынан қазақ даласы ашаршылық құрсауына түсіп, мыңдаған отбасы босып кетті. Оған қоса, Абыралы, Шыңғыстау, Шұбартау, Көкпекті, Өскемен және Зырян аудандарында кеңестік биліктің қатаң саясатына наразы халық қарулы қақтығыстарға түсті. Дәл осы аяусыз басылып, жаншылған халық көтерілістері әлі де өңірлік деңгейде зерттеуді талап етеді.
Жақында, Шәкәрім университетінің тарихшы ғалымдары «Семей округіндегі қарулы бас көтерулер құжаттарда: қатысушылардың тарихы және тағдыры (1929–1931 жж.)» атты ғылыми жоба грантын жеңіп алды. Аталған ғылыми жоба аясында отандық, шет елдік архив деректері сарапқа алынып, тыңғылықты зерттеулер жүргізілуде.
Қазіргі таңда зерттеушілер бұған дейін ғылыми айналымға енбеген деректерді зерделеу үстінде. Әсіресе назар аударарлық деректер арасында көтерілісті басуға қатысқан тұлғалардың өз қолымен жазып қалдырған естеліктері, карта-схемалары, сирек кездесетін фотоматериалдары болып отыр. Бұл құжаттарда көтеріліс ошақтары, «қауіпті» деп танылған елді мекендер, әскери бөлімшелердің қозғалыс бағыттары мен шабуыл жоспарлары нақты белгіленген. Яғни, бұл деректер көтерілісшілерге қарсы бағытталған іс-шаралардың билік құрылымдары тарапынан қалай жоспарланғанын көрсететін тарихи айғақтар ретінде маңызы жоғары.
Қазіргі таңда осы тақырыпты терең зерттеуге бет бұрған ғалымдар еңбегі, тың архивтік деректер мен құжаттар арқылы өткеннің ақтаңдақ беттерін ашып, халқымыздың азаттық жолындағы күресін жаңаша бағамдауға жол ашып отыр. Семей өңіріндегі халық көтерілістері бүкіл ел тарихының маңызды парақтарының бірі екенін естен шығармауымыз қажет.
Ғылыми жоба жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Ж. Атантаева